Құтқарушылар Балқаш көлінде қайықпен балық аулап жүріп жоғалып кеткен ер адамды тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құтқарушылар Балқаш көлінде қайықпен балық аулап жүріп жоғалып кеткен ер адамды тапты
Құтқарушылардың мәліметінше, таңертең ер адам Қарағанды облысы Приозерск қаласынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Балқаш көлінің акваториясына моторлы қайықпен балық аулауға шығып, алайда қайта оралмаған.
Хабарлама түскен бойда іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылып, оған ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары ер адамды көл акваториясынан, жағалаудан 24 шақырым қашықтықта тапты. Белгілі болғандай, балық аулау кезінде моторлы қайықтың қозғалтқышы істен шығып, ер адам өздігінен жағаға жете алмаған.
«Ер адам жағаға жеткізілді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада полицейлер мұз үстіндегі балықшыны құтқарғаны туралы жаздық.