Астанада жол қозғалысы мәдениетін арттыру, тәртіпті жүргізушілерді ынталандыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын азаматтарды қолдау мақсатында "Үлгілі жүргізуші – 2026" акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында жыл басынан бері жол ережелерін бұзбаған және жол-көлік оқиғаларына қатыспаған жүргізушілер іріктелді. Акцияның басты мақсаты – жолда жоғары жауапкершілік танытып, өзгелерге үлгі болған азаматтарды көпшілікке таныту.
«Марапаттау рәсімінде үздік жүргізушілерге Астана қаласы полиция департаментінің атынан алғысхаттар, күнделіктер және автокөлікке жапсыруға арналған "Үлгілі жүргізуші" арнайы жапсырмалары табысталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар акцияға қолдау білдірген автомектептер қатысушыларға арнайы сертификаттар мен автокөлік жүргізушілеріне арналған сөмкелер сыйға тартты.
Мұндай бастамалар жол қозғалысына қатысушылар арасында өзара құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жол ережелерін сақтаудың маңызын арттыруға бағытталған.
Полиция барлық жүргізушіні жолда мұқият болуға, белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға шақырды.
Еске салсақ, Жетісуда полицейлер 38 жылқыны өрттен құтқарды.


