Header Banner

«Әділет» өкілдері мәдениет пен білім саласының өзекті мәселелерін талқылады

«Әділет» өкілдері мәдениет пен білім саласының өзекті мәселелерін талқылады
Фото: «Әділет» партиясы

Астанада «Әділет» партиясының өкілдері «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұжымымен кездесті. Басқосуда мәдениет саласына білікті мамандар даярлау, елорда мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығы және қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешудегі мәслихаттың рөлі талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге партияның «Өркен» аумақтық филиалының төрағасы Есенбек Серкебаев, сондай-ақ партиялық тізім бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттар Абай Құрманқұлов пен Олжас Сыдықбек қатысты.

Кездесу барысында мәдениет саласының кадрлық әлеуетін арттыру және мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау мәселесі көтерілді. Абай Құрманқұлов жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға бөлінетін мемлекеттік гранттар санының артуы сала үшін маңызды қолдау екенін атап өтті.

«Бұрын мәдениет саласы бойынша магистратураға небәрі 3-5 орын ғана бөлінетін. Қазір жүздеген орын беріліп отыр. Докторантураға да гранттар бөлініп, бұл мәдениет саласына тікелей септігін тигізіп жатыр», – деді Абай Құрманқұлов.

Оның айтуынша, магистратура мен докторантурада білім алуға берілетін мүмкіндіктердің кеңеюі мәдениет саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға және білікті мамандар даярлауға жол ашады.

Ал Олжас Сыдықбек елорда халқының қарқынды өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе білім беру нысандарына түсетін жүктемені арттырып отырғанын айтты.

Оның сөзінше, мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы қала үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.

Кандидат келтірген деректерге сүйенсек, үш жыл бұрын Астанада шамамен 8,5 мың оқушы мектеп бітірген. Ал сол жылдың өзінде бірінші сыныпқа 24 мың бала қабылданған. Былтыр бұл көрсеткіш 26 мыңға жетсе, биыл бірінші сынып табалдырығын аттаған балалар саны 33 мың болған.

Олжас Сыдықбек соңғы жылдары елордада мектеп құрылысы қарқын алғанын да атап өтті.

Атап айтқанда, үш жыл бұрын 25 мектеп, ал былтыр тағы 15 мектеп пайдалануға берілген. Дегенмен жаңа білім беру нысандарының ашылуына қарамастан, кейбір мектептерде үш ауысымды оқу мәселесі әлі де сақталып отыр.

Кандидаттың айтуынша, қала халқының өсу қарқыны мен білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктемені ескере отырып, мектептердегі орын тапшылығын шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, оларды тиісті деңгейде көтеруде мәслихат депутаттарының жауапкершілігі зор.

Кездесу соңында қатысушылар мәдениет саласын дамыту, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу жөнінде пікір алмасты. Партия өкілдері сала мамандарының ұсыныстары мен пікірлерін ескерудің маңыздылығын атап өтті.

* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.