Ақтөбе қаласында Қазақстанда баламасы жоқ, қой жүнін терең өңдейтін жаңа зауыт жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпорын Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы фермерлерден шикізат сатып алып, оны қосылған құны жоғары дайын өнімге айналдырады.
«KazFeltec» ЖШС жүзеге асырған жобаның инвестициялық құны - 5,3 млрд теңге. Зауыт 2025 жылы пайдалануға берілді. Кәсіпорынның іске қосылуы төрт облыстағы мал шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қой жүнін өткізудің жаңа нарығын қалыптастырды.
Өндірістік желі заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Зауыт жылына 3,6 мың тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын тоқыма емес материал шығаруға қауқарлы.
Мұнда табиғи жүннен құрылыс, жиһаз өндірісі және басқа да салаларда қолданылатын экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі.
Жобаның маңызы – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, оның қосылған құнын арттырумен қатар, фермерлер үшін тұрақты өткізу арнасын қалыптастыру. Осылайша, кәсіпорын бірнеше өңірдің мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу тізбегіне тартылуына мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта зауыт өнімдері ішкі нарыққа жеткізілуде. Алдағы уақытта компания экспорттық нарыққа шығуды жоспарлап отыр.