Header Banner

Таразда белгісіз жауынгерлердің ескерткішін қиратқан кімдер екені анықталды

Бүгін, 15:26
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Таразда белгісіз жауынгерлердің ескерткішін қиратқан кімдер екені анықталды
Фото: Жамбыл облысы ПД

Таразда ҰОС кезінде қаза тапқан 72 белгісіз жауынгер жерленген орындағы ескерткіш тақта қиратылған еді. Бұл оқиғадан кейін полицияға 7-сынып оқушылары ата-аналарымен бірге жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жамбыл облысы ПД-не сілтеме жасап. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ескерткішті қорлау дерегі бойынша полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, бөлімге жеткізген. Олар Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 7-сыныптың үш оқушысы болып шықты.

Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылған. Ал олардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Құқықбұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында білім басқармасы және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныстар енгізілген.

Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі.

Полиция кез келген бұзақылық пен вандализм әрекетіне жол берілмейтінін және мұндай құқық бұзушылықтардың қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Әрбір дерек бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Таразда сарбаз ескерткішін қиратқан бұзақылар іздестіріліп жатқанын жаздық.