Header Banner

Қостанайда 45 студент сабаққа мүлдем қатыспаған: колледж директоры қызметінен босатылды

Бүгін, 11:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қостанайда 45 студент сабаққа мүлдем қатыспаған: колледж директоры қызметінен босатылды
Фото: Magnific.соm

Қарабалық ауданының прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжінде тексеру жүргізіп, 45 студенттің оқу орнында тек құжат жүзінде тіркелгенін анықтады. Олар сабаққа мүлде қатыспаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қостанай облысы прокуратурасына сілтеме жасап.

Прокуратура анықтағандай, 45 студенттің колледжде оқитыны құжаттарда көрсетілгенімен, олар оқу сабақтарына ешқашан қатыспаған. Соның салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған.

Тексеру барысында тағы бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, колледжде бес жыл бойы көлік құралдары есептен шығарылмаған. Сонымен қатар 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайы да талаптарға сай емес екені белгілі болды.

«Тексеру қорытындысы бойынша сабаққа қатыспаған 45 студент оқудан шығарылды. Жеті оқытушыға қатысты қатаң тәртіптік шаралар қолданылды, ал колледж директоры қызметінен босатылды», - делінген хабарламада. 

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында оқушының сабаққа қатыспағаны үшін ата-анасы жазаланғаны туралы жаздық.