2 желтоқсанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.
«Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанатында байқаудың мерейтойлық жылы қорытындыланып, еліміздің үздік кәсіпорындарының атаулары жарияланады.
«Биыл «Алтын сапа» сыйлығының 20 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осы жылдар ішінде сыйлық іскерлік кемелділіктің, жоғары өндірістік мәдениеттің, инновациялық дамудың және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нышанына айналды. Ал, әрбір лауреаттың жетістігі — көпжылдық еңбектің, озық технологияларды енгізудің, бизнес-процестерді үздіксіз жетілдірудің және Қазақстан экономикасының дамуына қосқан елеулі үлесінің нәтижесі», делінген хабарламада.
Жиырма жылдық тарих, мыңдаған мықты жоба және бедел мен сапаны, әлеуметтік жауапкершілікті бәрінен биік қоятын кәсіпкерлердің тұтас бір буыны. Осы жылдар ішінде «Алтын сапа» сыйлығы мемлекетпен бірге қуатты экономика құрып, әрбір азаматқа жаңа мүмкіндіктер ашып келе жатқан кемел, адал әрі озық бизнестің символына айналды.
Айта кетерлігі, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы — өнім мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, басқару жүйелерін жетілдіру және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін нығайту саласындағы жоғары жетістіктері үшін берілетін ең жоғары ұлттық марапат.