Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл салада комплаенс-қызметтер ерекше рөл атқарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектісінде негізгі міндеті осы ұйымның және оның жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылатын құрылымдық бөлімше немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам айқындалады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің функцияларын атқаратын жауапты адам мүдделердің ықтимал қақтығысы ескеріле отырып айқындалады.
«Комплаенс-офицерлер ұйымдарда ашықтық, жауапкершілік және парасаттылық қағидаттарын нығайтуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және олардың алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар олардың қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын түсіндіруге, мүдделер қақтығысын болдырмауға және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған», - делінген хабарламада.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің тиімді жұмыс істеуінің маңызды шарттарының бірі – олардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінің комплаенс-қызметтері өз өкілеттіктерін ұйымдардың атқарушы органдары мен лауазымды тұлғаларынан тәуелсіз жүзеге асырады және директорлар кеңесіне, байқау кеңесіне (ол болған кезде) немесе өзге де тәуелсіз басқару органына есеп береді. Мұндай тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу шараларын қабылдау кезінде объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы Үлгілік ереженің жаңа редакциясы бекітілді.
Жаңартылған Үлгілік ережеде комплаенс-қызметтердің міндеттері, функциялары мен өкілеттіктерін нақтылау, олардың тәуелсіздігіне берілетін кепілдіктерді күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және олардың алдын алу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру көзделген. Мүдделер қақтығысына жол бермеуге, комплаенс-қызметтердің дербестігін қамтамасыз етуге және қабылданатын профилактикалық шаралардың нәтижелілігін арттыруға ерекше назар аударылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін дамыту жөніндегі жұмыс аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті елорданың комплаенс-офицерлерінің қатысуымен форум өткізді. Іс-шара Астана қаласындағы түрлі ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функцияларын жүзеге асыратын мамандардың басын қосты.
Форумның негізгі мақсаты – комплаенс-қызметтердің жұмысын жетілдіру, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру, өзекті мәселелерді талқылау және кәсіби тәжірибе алмасу.
Сонымен қатар Департамент мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және комплаенс-қызметтер өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жүйелі түрде түсіндіру іс-шараларын жүргізіп келеді.
Аталған жұмыстар комплаенс-офицерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.