2026 жылғы 24 қарашада Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Жиынға Әділет министрі, Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Ерлан Сәрсембаев қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында құрылған Жұмыс тобының құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері енді.
Отырыс барысында жаңа кодексті әзірлеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен басым бағыттары талқыланды. Әділет министрі заң жобасын әзірлеуде тәжірибеде өзін ақтаған қолданыстағы нормалардың сабақтастығы сақталатынын және құжаттың басты назарында адам мен оның құқықтары болатынын атап өтті. Сонымен қатар меншіктің барлық нысандарының теңдігі, шарт еркіндігі, азаматтық айналым қатысушыларының адалдығы және цифрлық экономиканы дамыту басты бағдар ретінде айқындалды.
Алдағы отырыстарда кодекстің тұжырымдамалық тәсілдері қаралады. Құжат ғылыми және сарапшылық қауымдастық алаңдарында кеңінен талқылана отырып, кезең-кезеңімен әзірленетін болады.
Заң шығару процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында «ҚР Азаматтық кодексінің жобасы» атты арнайы бөлім ашылды. Бұдан бөлек, азаматтар мен сарапшылардан кері байланыс қабылдау үшін civil.code@adilet.gov.kz электрондық поштасы іске қосылды. Барлық мүдделі тұлғалар кодекс жобасына қатысты өз ұсыныстары мен ескертулерін осы мекенжайға жолдай алады.