Астанада кәсіби хореографиялық оқу орындарының «Temps lié» IV халықаралық фестивалі өтті. Фестиваль Қазақ ұлттық хореография академиясының 10 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға әр елдің жетекші балет мектептерінің өкілдері, белгілі өнер қайраткерлері мен жас әртістер қатысты.
Фестивальдің алғашқы күні Astana Ballet театрының сахнасында «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті қойылды. Балет идеясын XX ғасырдың басында Мариус Петипа ойластырған. Қойылым Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен және хореограф Василий Медведевтің қатысуымен қайта сахналанды. Спектакльге Академияның 130-ға жуық білім алушысы қатысты.
Екінші күні шетелдік қонақтардың қатысуымен баспасөз конференциясы және гала-концерт өтті. Қазақстан, Қытай, Ресей, Бразилия, Мажарстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстанның хореографиялық оқу орындарынан келген жас әртістер классикалық балеттен үзінділер орындап, халық билері мен заманауи хореография үлгілерін көрсетті.
Фестиваль Академияның 10 жылдығына арналған «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» гала-концертімен аяқталды. Кешке бүгінде «Астана Опера», Astana Ballet театрларында және «Гүлдер» ансамблінде еңбек етіп жүрген өнерпаздар қатысты.
Қорытынды концертте «Щелкунчик», «Жизель», «Дон Кихот» және «Кармен» балеттерінен үзінділермен қатар, ұлттық және заманауи би қойылымдары ұсынылды.
Фестиваль хореографиялық оқу орындарының тәжірибе алмасуына, халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуына және жас әртістердің шеберлігін танытуына мүмкіндік берді.