Биыл Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосқан институт елордадағы елеулі мәселелердің шешіміне ықпал етті. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің III және IV шақырылымының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Зұлфухар Ғайыпов байқаушы органның жетістіктері мен алдағы міндеттері туралы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында тарқатты.
- Зұлфухар Сұлтанұлы, биыл Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Бәрі қалай басталып еді? Қоғамдық кеңес құрылған кезде оның алдында қандай міндеттер тұрды? Кеңес жұмысы сол үдеден шықты ма?
- Қоғамдық кеңестердің құрылуы еліміздегі азаматтық қоғамның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. 2015 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданып, 2016 жылдан бастап жаңа институттың қызметі жүйелі түрде қалыптаса бастады.
Ол кезде еліміз бойынша қоғамдық кеңестердің алдында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында тұрақты әрі ашық диалог орнату, маңызды шешімдерді қабылдау кезінде тұрғындардың пікірін ескеру, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және қоғамдық бақылауды дамыту міндеттері тұрды.
Әрине, жаңа институттың қалыптасуы оңай болған жоқ. Қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыру, олардың құзыретін айқындау, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жолға қою, қоғамның сеніміне ие болу үшін уақыт қажет болды.
Осы он жыл ішінде қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың қызметіне азаматтардың қатысуына мүмкіндік беретін тұрақты институт ретінде қалыптасты. Қоғамдық тыңдаулар өткізу, бюджеттік бағдарламаларды талқылау, мемлекеттік органдардың есептерін тыңдау, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау тәжірибесі орнықты.
Дегенмен, бұл - барлық міндет толық орындалды деген сөз емес. Қоғамдық кеңестердің ықпалы мен тиімділігі әр өңірде әртүрлі деңгейде қалыптасқаны да белгілі.
Сондықтан мен алғашқы он жылды қоғамдық кеңестердің қалыптасу және тәжірибе жинақтау кезеңі деп бағалар едім.
- Осы он жыл ішінде Қоғамдық кеңестің қала өміріне ықпал еткен ең маңызды бастамалары мен шешімдері қандай болды? Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?
- Әлбетте, Қоғамдық кеңестің жұмысын бағалағанда өткізілген отырыстардың немесе қабылданған ұсынымдардың санынан гөрі, олардың қала өміріне тигізген нақты ықпалына назар аударған дұрыс.
Елордадағы қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыттары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, жол инфрақұрылымы, білім беру, денсаулық сақтау, экология және қала тұрғындарының өмір сүру сапасымен байланысты болды.
Қоғамдық кеңес ықпал етіп, күрмеуі шешілген мәселелердің қатарында Астанадағы үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылысын айтуға болады. Құрылысы ұзаққа созылған бұл нысанға Қоғамдық кеңес мүшелері жүйелі қоғамдық бақылау жүргізді. Жұмыстың барысын назарда ұстап, жауапты тараптармен мәселелерді талқылап отырдық. Нысан ақырында соңғы бекітілген мерзімде пайдалануға берілді. Әрине, мұны тек қоғамдық бақылаудың нәтижесі деу дұрыс емес. Дегенмен, кеңестің тұрақты назары жауапкершілікті күшейтуге өз үлесін қосты.
Тағы бір айта кетерлік маңызды мысал – Астана агломерациясына қатысты қаулы жобасын қарау. Қоғамдық кеңестегі талқылау ұзаққа созылды: қолдаушылар мен қарсы пікір білдірушілердің уәждері бір-біріне кереғар болды. Біз әр пікірді тыңдап, агломерацияның елорда инфрақұрылымына, көлік қатынасына және тұрғындардың болашақ өміріне ықпалын таразыладық. Ақырында қаланың ұзақ мерзімді мүддесін ескерген ұстанымды қолдап, тиісті ұсыным білдірдік. Ал қаулыны қабылдау құзыреті уәкілетті мемлекеттік органға тиесілі екенін атап өткен жөн.
- Тұрғындар тарапынан Қоғамдық кеңеске көбіне қандай мәселелер бойынша өтініштер түседі? Соңғы жылдары халық сұранысы өзгерді ме? Осы мәселелер бойынша Қоғамдық кеңес әкімдікке қандай нақты ұсыныстар берді?
- Қоғамдық кеңестің қызметі тұрғындармен тұрақты байланысқа негізделеді. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелері арқылы, жазбаша өтініштермен, қоғамдық тыңдаулар мен кездесулер барысында жеткізе алады.
Астана тұрғындарын толғандыратын мәселелер қаланың дамуымен бірге өзгеріп келеді. Алғашқы кезеңдерде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аула аумақтарын абаттандыру, жол сапасы, қоғамдық көлік және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі сияқты мәселелер жиі көтерілетін.
Бүгін де бұл мәселелер өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар, қаланың қарқынды өсуіне байланысты инженерлік инфрақұрылымның жүктемесі, мектептер мен медициналық мекемелердің жеткіліктілігі, көлік қозғалысы, экология және қалалық ортаның сапасы ерекше маңызға ие болып отыр.
Бұрынырақта, елорда тұрғындарынан түсетін өтініштердің басым бөлігі өздері тұрып жатқан үйдегі меншікке қатысты болатын. Мысалы, кондоминиум, тұрғын үйдегі төлем жарнасы сияқты. Кейінірек ол Мүлік иелерінің бірлестігіне қатысты келетін болды. Тіпті жеке басына қатысты да көмек сұрап келетін өтініштер де болды. Барлығына заң шеңберінде, өз құзыретіміздің шегінде барынша көмек көрсеттік. Қазір әкімдік бұл сұрақтар бойынша әртүрлі арнайы орталықтар ашып қойған. Тұрғындар сол жерде өздеріне қажетті ақпараттарын алып жатады.
Заман өзгерді. Адамдар да сауатты. Соған қатысты тұрғындар сұранысының мазмұны да өзгеріп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі азаматтар мәселенің шешілуін ғана емес, шешімнің қалай қабылданатынын, оған бөлінген қаражаттың қалай жұмсалатынын және оның нәтижесі қандай болатынын білгісі келеді.
Бұл - қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысу мәдениетінің біртіндеп дамып келе жатқандығының айғағы.
- Астана халқының саны жыл сайын артып келеді. Қаланың қарқынды өсуіне байланысты Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қандай мәселелер бірінші кезекте тұр?
- Астана – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан ірі қалалардың бірі. Осыдан да болар, «Патша ауған жаққа бақ ауады» деген біздің дана бабаларымыз. Әрине, халық санының өсуі әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктемені арттырады.
Осыған байланысты қаланың ұзақ мерзімді дамуын жоспарлау, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандардың үйлесімділігі, қоғамдық көліктің тиімділігі, инженерлік желілердің тұрақтылығы және экологиялық қауіпсіздік мәселелері ерекше маңызға ие.
Бүгінгі қоғамдық кеңестердің алдында тұрған міндеттердің бірі - жекелеген мәселелерге ғана назар аудармай, олардың туындау себептерін жүйелі түрде талдау.
Мәселен, жаңа тұрғын үй кешендері салынғанда жол, мектеп, балабақша, емхана және инженерлік желілердің мүмкіндіктері қатар ескерілуі маңызды.
Бұл ретте қоғамдық кеңес қаланың стратегиялық даму құжаттарын, бюджеттік бағдарламаларын және ірі инфрақұрылымдық жобаларын талқылауға белсенді қатыса алады.
- Сөз соңын он жылдық тарихы бар Қоғамдық кеңестің ендігі межелеген міндетімен түйіндесеңіз...
- Мен қоғамдық кеңестердің ең үлкен жетістігі ретінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты институционалдық диалог алаңының қалыптасуын атар едім.
Қоғамдық кеңестер азаматтарға мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысуға, мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық баға беруге және өз ұсыныстарын жүйелі түрде жеткізуге мүмкіндік берді.
Әрине, он жыл ішінде жетістіктермен қатар кемшіліктер де болды. Оларды ашық талдау - қоғамдық кеңестердің одан әрі дамуының маңызды шарты.
Бүгін қоғамдық кеңестердің алдында жаңа кезеңнің міндеттері тұр. Олардың дербестігін сақтау, кәсіби және сараптамалық әлеуетін арттыру, қоғамдық бақылаудың нәтижелілігін күшейту - уақыт талабынан туындаған мәселелер. Бұл жөнінде Қазақстан Халық Кеңесінің ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен І сессиясында Мемлекет басшысы атап өткен болатын.
Сонымен бірге Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық қатысу институттарының өзара іс-қимылын жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің дербес мәртебесі мен заңда белгіленген өкілеттіктерінің сақталуы маңызды.
Қоғамдық кеңестердің алғашқы он жылы олардың қоғамдық өмірдегі орнын айқындады. Ендігі міндет - қоғамдық пікірді тыңдау тәжірибесінен оның нақты нәтижеге ықпал ету тетіктерін күшейтуге көшу.
- Сұхбатыңызға рақмет!