Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және олардың қызметіне қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстар бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды.
Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылуда. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Олардың қатарында кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарына қатысты фактілер де бар, - деді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Жалпы түрлі қылмыс жасағаны үшін 240-тан астам криминалдық орта өкілі қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Уақтылы қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар 40-тан астам топтың қызметіне тосқауыл қойылды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматика қаруын, сондай-ақ 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.
Адамды қанауға байланысты қылмыстардың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Зардап шеккендерді қорғау, оларға қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша шаралар қабылданды.
- Қоғам өмірінің барлық саласында «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді, - деді Қуандық Алпыс.
Еске сала кетсек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тамыздан қазан айына дейінгі аралықта елімізде есірткі жеткізудің 8 халықаралық және 11 өңірлік арнасының жолын кесті.