Биыл тамыздан қазан айына дейінгі аралықта елімізде есірткі жеткізудің 8 халықаралық және 11 өңірлік арнасының жолы кесіліп, 5 жасырын зертхананың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство шет елдердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл аясында 8 халықаралық есірткіге қарсы операция жүргізді.
«Нәтижесінде, 1,3 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 11,1 келі апиын, 14,2 келі гашиш, 404,6 келі марихуана, 320,6 келі сора көшеті, 18,4 келі синтетикалық есірткі, сондай-ақ 525 келі синтетикалық опиоид, күшті әсер ететін заттардың 2 650 таблеткасы және 2,6 тонна прекурсор бар», делінген хабарламада.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 40 қазақстандық және 5 шетелдік ұсталды.
Қазір аталған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалы жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, полиция қызметкерлері он күн ішінде 200 келіден астам есірткі тәркіледі.





