Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен «CVK» танымал брендін бүркемелеу ретінде пайдаланған екі жергілікті тұрғын ұйымдастырған қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерлі-зайыпты азаматтарға салынған қаражаттан табыс табуға уәде беріп, инвестициялық «пакеттер» деп аталатын өнімді сатып алуды ұсынған. Сонымен қатар жаңа қатысушы тартқаны үшін ақшалай сыйақы мен сыйлық есебінде қосымша бонустар беруге уәде еткен.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан 21 салымшы зардап шекті.
Соттың үкімімен ерлі-зайыпты ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі (қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, «CVK» қаржы пирамидасының қарағандылық бөлімшесінен 212 млн теңгенің криптовалютасы тәркіленді.