«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Tech Hub орталығы Қазақстан жастарының қаржылық, цифрлық және технологиялық сауаттылығын дамытуға бағытталған FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды. Енді пайдаланушылар жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, оқу қорытындысы бойынша электрондық сертификаттар алып, интерактивті ойын тапсырмалары арқылы білімдерін бекіте алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
FinPro ауқымды жаңарту аясында үш жаңа білім беру модулін ұсынды.
Жасанды интеллект курсы. Жаңа білім беру курсы оқушыларды жасанды интеллект негіздерімен, оның жұмыс істеу қағидаларымен және күнделікті өмірде қолдану мүмкіндіктерімен таныстырады. Оқу бағдарламасына жас ұрпаққа бейімделген қысқа бейнесабақтар мен ақпараттық карточкалар кіреді.
Сертификаттау модулі. Кез келген курсты сәтті аяқтаған пайдаланушылар оқу бағдарламасынан өткенін растайтын AIFC Academy электрондық сертификатын алады. Сертификаттау жүйесі жеке жетістіктерді тіркеуге мүмкіндік беріп, әрі қарай білім алуға ынталандырады.
«Барсикті өсір» ойын модулі. Интерактивті оқытудың жаңа форматы пайдаланушыларға жағдаяттық тапсырмаларды шешіп, алған білімдерін тәжірибеде қолдануды ұсынады. Модульдің басты кейіпкері – әр дұрыс жауап сайын өсіп отыратын, пайдаланушының ілгерілеуін көрнекі түрде көрсететін Барсик атты виртуалды мысық. Ойын механикасы сыни ойлауды дамытуға және оқу үдерісіне қызығушылықты арттыруға бағытталған.
FinPro мобильді қосымшасы 2026 жылғы ақпанда іске қосылды және жеке қаржы әлеміне алғашқы қадам жасап жүрген оқушыларға арналған. Қосымша білім беру материалдарын, практикалық тапсырмалар мен геймификация құралдарын біріктіріп, қаржылық сауаттылықты үйренуді қолжетімді әрі қызықты үдеріске айналдырады.
«Жаһандық цифрлық трансформация жағдайында адами капиталды дамыту және жастардың технологиялық құзыреттерін қалыптастыру ерекше маңызға ие. FinPro арқылы біз қаржы, жасанды интеллект және заманауи технологиялар әлемінде сенімді бағдар таба алатын қазақстандықтардың жаңа буыны үшін қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін қалыптастыруға ұмтыламыз. Бұл – АХҚО инновациялық экожүйесін дамыту жөніндегі жұмысымыздың маңызды бөлігі», - деді АХҚО Әкімшілігінің бас инновациялар жөніндегі директоры Талғат Аманбаев.
FinPro жаңартуы дәстүрлі білім беру құралдарын ойын механикасы және практикалық сценарийлермен толықтыратын цифрлық білім берудің жаңа тәсілін көрсетеді.
«Оқушылардың білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қызығушылықпен қолдануы біз үшін маңызды. Біз білім беру контентін, интерактивті тапсырмаларды, геймификация мен сертификаттауды бір қосымшаға біріктірдік. Әрбір дұрыс жауап көзге көрінетін ілгерілеудің бір бөлігіне айналады, ал оқуды аяқтау – жеке жетістік. Біз оқудың міндет емес, қайта оралғың келетін қызықты үдеріс ретінде қабылданғанын қалаймыз», - деді АХҚО Tech Hub бас директоры Қуаныш Дайырбеков.
Жобаны одан әрі дамыту аясында FinPro командасы Қазақстан мектептеріне таныстыру сапарларының сериясын өткізуді жоспарлап отыр. Онда оқушылар қосымшаның жаңа мүмкіндіктерімен танысып, білім беру курстарынан өте алады.
FinPro қаржылық сауаттылықты, жасанды интеллектті және заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін кешенді білім беру платформасы ретінде дамуын жалғастыруда.
Мобильді қосымшаны App Store және Google Play.дүкендерінен жүктеп алуға болады.