Астанада Жол жүрісі қағидаларын білу бойынша теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға арналған пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұдан былай жүргізуші куәлігін алғысы келетін үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Тестілеуді үйден шықпай-ақ ноутбук немесе дербес компьютер арқылы тапсыруға болады.
Жаңа қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» – «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» бөлімі арқылы қолжетімді. Алғашқы кезеңде жоба пилоттық режимде жүзеге асырылып, тұрғылықты жері бойынша Астана қаласында тіркелген азаматтарға ұсынылады.
eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу қажет. Тестілеу сілтемесі дербес компьютер арқылы ашылады және төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды.
Өтінім беруден бастап емтиханды аяқтауға дейінгі барлық кезеңде сәйкестендіру және бақылау құралы арқылы рәсімнің өту барысы қадағаланады. Жүйедегі барлық әрекет пен оқиға тіркеліп отырады. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, тестілеуден заңсыз өту әрекетін анықтауға мүмкіндік береді.
«Теориялық емтиханды онлайн тапсыру мүмкіндігінің іске қосылуы – мемлекеттік қызметті цифрландыру және олардың қолжетімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа формат үміткерлерге емтиханның теориялық кезеңінен қашықтан өтіп, уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ХҚКО-ларда емтихан тапсырудың дәстүрлі форматы сақталады. Әр азамат өзіне ыңғайлы тәсілді таңдай алады», - деді Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Теориялық емтихан 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Емтиханды с. 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет. Емтиханнан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Бір рет тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Егер үміткер қажетті балл жинай алмаса, келесі әрекетті келесі күннен бастап жасай алады.
Еске салсақ, елімізде жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгерді.