Header Banner

Жаңбырлатып суару техникасы: Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылған

Жаңбырлатып суару техникасы: Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылған
Фото: aphgroup.com

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған субсидияларды жымқыруға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеуге сәйкес, күдікті субсидияларды жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.

«Агрохолдинг Түркістан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінім рәсімделген. Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы әрекет еткен. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.

Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәлімет көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген. Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған», делінген хабарламада.

Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды жымқыру схемасы анықталды.