Header Banner

Астанада зейнеткерлерге санаторий-курорттық емделуге жолдама беріледі

Бүгін, 12:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада зейнеткерлерге санаторий-курорттық емделуге жолдама беріледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы санаторий-курорттық емделуге арналған әлеуметтік көмекті алу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мұндай көмек елордада кемінде үш жыл тұрақты тіркелген азаматтардың мына санаттарына көрсетіледі:

* Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

* басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

* жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

* Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңда белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандары;

* жасы бойынша зейнеткерлер – екі жылда бір рет.

Зейнеткерлер жолдама құнының 20 пайызын, ал ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатындар 15 пайызын төлейді.

Жоғарыда аталған санаттағы мүгедектігі бар, жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу ұсынылған азаматтарға бұл әлеуметтік көмек көрсетілмейді.

Санаторий-курорттық емделу үшін birge.astana.kz сайты арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) тіркелу қажет. Азамат тіркеуден өзі өтуі тиіс. Өтінімдер шипажайлармен келісілген жолдама беру кестесі мен бөлінген орын санына сәйкес қабылданады.

Жолдамалар саны шектеулі болғандықтан, тіркеу ашылғаннан кейін бос орындар аз уақытта толып қалуы мүмкін. Барлық орын бөлінген соң тіркеу автоматты түрде тоқтатылады.

Тіркелген азаматтар шипажайға барудан 10-15 күн бұрын жолдама алу үшін мына құжаттарды Бейбітшілік көшесі, 9-үй, 102-кабинет мекенжайына тапсыруы қажет:

* терапевт берген санаторий-курорттық карта және оның көшірмесі;

* жеке куәлік.

Құжаттарды сенімді өкіл тапсырған жағдайда сенімхат пен оның көшірмесі, сондай-ақ өкілдің жеке куәлігінің көшірмесі қажет.

2026 жылы жолдамалар мына шипажайларға берілді:

* «Қатаркөл» шипажайы (Ақмола облысы, Бурабай ауданы);

* «Zari» шипажайы (Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы);

* «Балқаш» шипажайы (Қарағанды облысы).