Header Banner

Елімізде пәтер ұрлығы 23,3 пайызға азайды - ІІМ

Елімізде пәтер ұрлығы 23,3 пайызға азайды - ІІМ
Фото: freepik.com

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмысты жалғастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Қазақстанда ұрлық деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға азайған. Сондай-ақ пәтер ұрлығы 23,3%-ға, ал мал ұрлығы 6,7%-ға төмендеді. Сонымен қатар аталған қылмыс түрлерінің ашылу көрсеткіші артты. 10 ай ішінде еліміз бойынша 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды.

«Тараз қаласында полицейлер ірі көлемдегі пәтер ұрлығын ашты. Қаражаты мен алтын бұйымдарының жоғалғаны туралы полицияға 27 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаскөйлер кіреберіс есіктің кілтін таңдап, пәтерге кіріп, бағалы заттарды жымқырған. 17 миллион теңгеден астам шығын келді. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні жедел анықтап, ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Түркістан облысында да осыған ұқсас қылмыс тіркелді. Қылмыскерлер қосымша қорғаныс құралдарының жоқтығын пайдаланып, пластик терезені күштеп ашу арқылы үйге кірген. Салдарынан тұрғындарға ірі көлемде материалдық шығын келтірілген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды», делінген хабарламада.

ІІМ азаматтарды өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға және қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстауға шақырады.

Қала көшелеріндегі көлік жарыстары мен қауіпті маневрлер жүргізушілердің өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндіреді. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 411 дрифт жасауды анықтады. Оның 402-сі көлікке, 9-ы мотоциклге қатысты. Барлық көлік құралы арнайы тұрақтарға қойылды.

Мұндай құқық бұзушылықтардың Алматы қаласында ең көп тіркелді - 142 жағдай. Түркістан облысында - 45, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 30 деректен анықталды.

Сонымен қатар түнде тыныштықты бұзу деректеріне де ерекше назар аударылуда. Тек 13-18 қараша аралығында осындай 26 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Еске салсақ, Алматыда полицейлер 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оның автокөлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин тәркіленді.