Header Banner

«Жақыныңызды құтқаруға ақша қажет»: зейнеткерлерден 23,5 млн теңге алған курьердің үкімі өзгеріссіз қалды

Бүгін, 13:55
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Жақыныңызды құтқаруға ақша қажет»: зейнеткерлерден 23,5 млн теңге алған курьердің үкімі өзгеріссіз қалды
Фото: Magnific.com

Қостанайда зейнеткерлерді алдап, 23,5 млн теңге алған курьердің кассациялық шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотына сілтеме жасап. 

Оқиға былай басталған. Қостанайдың егде жастағы екі тұрғынына телефон соққан адамдар біріне немересінің жол-көлік оқиғасына ұшырағанын, екіншісіне қызының жол апатына себеп болғанын айтқан. Олар әйелдерді жақындарын қылмыстық жауаптылықтан құтқару үшін ақша беру қажет деп сендірген.

Қолма-қол ақшаны алуға Б. келген. Ол жәбірленушілердің біріне өзін Рустам деп таныстырған. Екінші жәбірленушіге екі рет келіп, оның берген ақшасы жеткіліксіз екенін айтқан. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 23,5 млн теңгені құрады.

Бірінші сатыдағы сот Б.-ны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін ҚР ҚК-нің 190-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. 

Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталған адам кассациялық шағымында алдын ала сөз байласу болғанын және залал мөлшерін даулаған. Ол өзінің курьер қызметін ғана атқарғанын алға тартқан.

Кассациялық сот Б.-ның жәбірленушілерді алдап жатқанын білмегені туралы уәжін қабылдамады. Екі эпизодта да ол жәбірленушілерді ақша беруге көндіргеннен кейін бірден қолма-қол ақшаны алып, санап, әртүрлі шоттарға аударған. Аударымдар туралы сыбайласына есеп беріп, жымқырылған ақшадан өз үлесін алған. Осы мән-жайлардың жиынтығы Б.-ның алдын ала бөлінген рөлге сай әрекет еткенін растады.

«Сот екінші эпизод бойынша дауланған залал сомасын жәбірленуші мен куәнің айғақтары, құжаттар және залалды өндіру туралы шешім негізінде тексерді. Залал 22 млн теңгені құрап, аса ірі мөлшер үшін белгіленген шектен асқан. Сондықтан Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот сот актілерін өзгеріссіз қалдырды», - делінген хабарламада.