Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы аясында жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде отандық құрылыс материалдарының қолданылуын қадағалауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүзеге асыру көзделіп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылтайда өткен Үкімет сағатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz миистрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету және оларды импорттық өніммен негізсіз алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады. Осы орайда Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміндегі ақпараттар жобалаудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде ескеріледі. Осылайша, құрылыс барысында отандық құрылыс материалдарының пайдаланылу ісі барлық кезеңде цифрлық бақылауда болады», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Цифрлық тізілімде 84 мыңға жуық тауар түрін шығаратын 2,7 мыңнан астам өндіруші тіркелген. Өндірісте және қызмет көрсету кезінде отандық тауарларды пайдалану талаптары күшейтіледі. Жасанды интеллект өндіріс туралы ақпаратты талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кәсіпорындардың жүктеме деңгейін бағалауға арналған цифрлық панель құрылады.
Министр баяндамасында жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті:
Отандық құрылыс материалдары өндірісін дамыту. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілікке талдау жүргізіліп, соған сәйкес жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі қарастырылады.
Өндірістік қуаттарды үйлесімді дамыту. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде нарық сұранысы мен әр өңірдің және саланың ерекшеліктерін ескеру қажеттігін атап өтті. Осы міндетті орындау үшін министрлік өндіріс орындарының теңгерімін бағалау тетігін енгізді, заңнамалық өзгерістер қабылданып, тиісті әдістеме бекітілді. Бағалау нәтижелері жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту туралы шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі.
Ірі кәсіпорындар айналасында жеткізушілер экожүйесін қалыптастыру. Реттелетін сатып алулар шеңберінде тапсырыс берушілер үшін отандық өнімді сатып алу жөніндегі талаптар күшейтіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес арасындағы өндірістік кооперацияны нығайту мақсатында өнеркәсіптік кластерлерді дамытудың жаңа моделі әзірленуде.
Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру. Жаңа модель аясында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәсілдері қайта қаралады. Бұл ретте жеке меншік, оның ішінде шетелдік басқарушы компанияларды тарту да көзделген.
«Кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптарды азайту үшін «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі» қағидатын енгізу ұсынылады. Бұл басқару жүйесін икемді етеді әрі басқарушы компаниялардың инвесторлар тарту және арнайы экономикалық аймақтарда жаңа өндіріс орындарын іске қосу жөніндегі жауапкершілігін арттырады. Жалпы, ұсынылып отырған шаралар отандық өнімге сұранысты арттыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, өнім өндіру көлемін ұлғайтуға және нарықтағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыруға бағытталған», – деп түйіндеді Ерсайын Нағаспаев.
Еске салсақ, елімізде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі үш жылда 5,8 трлн теңгеге жетті.