Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы алдағы ауқымды өзгерістердің бағытын айқындаған маңызды саяси оқиға болды. Мұндай пікірді Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты директорының бірінші орынбасары Акрамжон Неъматов, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Акрамжон Неъматовтың пікірінше, Жолдауда Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне қатысты негізгі басымдықтар айқындалған. Атап айтқанда, экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту, инфрақұрылымды кеңінен жаңарту, адами капиталды дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне басымдық берілген.
Оның сөзінше, Жолдаудың басты ерекшелігі – саяси жаңғыру бастамаларының экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді қамтитын ұзақ мерзімді бағдарламаға ұласуында. Бұл бағдарлама технологиялық бәсеке мен әлемдік экономикадағы құрылымдық өзгерістерге сай келетін жаңа даму моделін қалыптастыруды көздейді.
– Елді жаңғыртуға қатысты кешенді ұстаным ерекше назар аудартады. Инфрақұрылым, энергетика, көлік, өнеркәсіп және цифрлық технологиялар жеке-жеке бағыттар емес, экономикалық өсудің біртұтас жүйесін құрайтын өзара байланысты салалар ретінде қарастырылған. Бұл ретте өзгерістердің нәтижесі, ең алдымен, адамдардың күнделікті тұрмысында қандай оң өзгеріс әкелгенімен өлшенеді, – деді Акрамжон Неъматов.
Сарапшы алдағы өзгерістердің ауқымы оларды іске асыруға арналған нақты мерзімдерден де көрінетінін айтты. Мәселен, 2027 жылды Халықтық жаппай құрылыс жылы деп жариялау, 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды түбегейлі жаңарту және 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу көзделіп отыр.