2024-2026 жылдары анықталған 427 байланыс сапасы жеткіліксіз аумақтардың 301-і жойылды. Бұл туралы Үкімет отырысында «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының басқарма төрағасы Александр Бабичев баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қамтуды кеңейту үшін оператор әкімдіктермен базалық стансаларды орналастыру және инфрақұрылымды қосу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды. Атап айтқанда, бес облыста 2026 жылы 322 жаңа базалық станса салынып, тағы 226-сы жаңартылды.
«Келесі жылы бұл тәжірибені Қазақстанның басқа өңірлеріне тарату жоспарлап отырмыз. Желіні салумен қатар, оны басқаруға жасанды интеллектті енгізіп келеміз. Бүгінде жасанды интеллект жүйелері екі жарым мыңға жуық базалық станцияның жұмысын талдап, жүктемені бөлуге, ақауларды анықтауға және жабдық параметрлерін автоматты түрде түзетуге көмектеседі. Осы технологиялардың көмегімен 204 проблемалы аймақта желі жұмысы қалпына келтірілді», - деді Александр Бабичев.
Компания 5G пайдаланушыларының санын 5 млн-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, келесі жылы елімізде 1,7 мыңға жуық 4G мен 5G базалық стансасы салынады.