25 қарашада Астанада «Әділет» партиясының кандидаттары Сарайшық ауданының белсенді әйелдерімен кездесті. Басқосуда тұрғын алаптарын сумен қамту, мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі және ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуде №5 сайлау округі бойынша Астана мәслихатының депутаттығына кандидат Азамат Айтхожин мен партиялық тізім бойынша кандидат, Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрының директоры Ербол Хабылбеков сөз сөйледі.
Азамат Айтхожин Күйгенжарда су құбыры мен кәріз жүйесі мәселесі әлі шешілмегенін айтты. Оның сөзінше, № 3 сорғы-сүзгі станциясы салынғаннан кейін ол қала әкіміне алдымен тұрғын алаптарына су тартуды ұсынған. Мичурин мен Интернационал көшелеріне су жеткізілгенімен, Күйгенжарға су әлі тартылмағанын атап өтті.

А.Айтхожин заң және құқық тәртібі жөніндегі комиссияны басқарған кезде мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі мәселесін көтергенін еске алды.
«Әр мектептің жанында тек жаяу жүргіншілер өткелі ғана емес, бағдаршам да болуы керек деген талап қойдым. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмысты жалғастырғым келеді», — деді ол.
Кандидат қайта сайланған жағдайда бұл мәселемен әрі қарай айналысатынын айтты.

Ербол Хабылбеков партиялық тізімдегі кандидаттар бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсіп жатқан әріптестеріне қолдау көрсетіп жүргенін айтты. Мәдениет саласында жиырма жылдан астам еңбек еткен ол ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі өнер мен тілді сақтап, дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
«Ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді дәріптеу, оның ішінде дәстүрлі өнеріміз бен тілімізді сақтап, оларды дұрыс бағытта, жоғары деңгейде дамыту үшін аянбай еңбек етуге ниеттімін», — деді Ербол Хабылбеков.
*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.











