Елордалық Қуыршақ театры «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жас көрерменге арнап «Табиғатты таза ұстау» атты танымдық ойын-сауық іс-шарасын ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және табиғи байлықтарға жанашырлықпен қарауға деген жауапкершілігін арттыру. Жас қатысушыларға табиғатқа қамқорлық жасаудың, тазалық сақтаудың және экологиялық мәселелерге бейжай қарамаудың маңызы түсінікті әрі қызықты тілмен жеткізілді.
«Балаларға әсіресе «Табиғатты тазарт» экологиялық ойыны ұнады. Ойын барысында олар белсенділік пен тапқырлық танытып қана қоймай, табиғатты аялауға қатысты білімдерін тәжірибе жүзінде бекітті. Сондай-ақ қоршаған ортаға пайдасы бар және зиян келтіретін әрекеттерді ажыратуды үйренді. Қоқыс тастамау, өсімдіктерді қорғау және қаланың тазалығына үлес қосу керектігін түсінді», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ жас көрермен блиц-сауалнамаға қатысып, экологияға қатысты сұрақтарға жауап берді және табиғат туралы білімдерін тексерді. Ойын түрінде өткен іс-шара балалар үшін әрі танымдық, әрі қызықты болды.
Экологиялық бағдарламаның жалғасы ретінде балалар назарына театрландырылған қойылым да ұсынылды. Бұл жас көрерменге театр өнерінің қызықты әлемімен танысып, ерекше әсер алуға мүмкіндік берді.
«Осындай бастамалар балалардың бойында ерте жастан экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ табиғатты қорғау үлкен істерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталатынын ұғындыруға бағытталған», - деп хабарлады елорда әкімдігі.
Еске салсақ, өңірлерде балаларға арналған қауіпсіздік сабақтары өтіп жатыр.