Елімізде жолаушылар вагондары паркін жаңарту барысында биыл 191 жаңа вагон алу жоспарланған, оның 162-сі қазір теміржол паркіне қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа вагондардың 51-і RWS Wagon зауытында, ал 111-і Stadler Kazakhstan компаниясында шығарылған.
Жаңа вагондар жайлылығы және қауіпсіздігі бойынша заманауи талаптарға сай келеді. Олар ауа баптау және бейнебақылау жүйесімен, айналымдағы ауаны зарарсыздандыру құрылғысымен, биодәретхана, жолаушылар орнын жеке жарықтандыру жүйесімен, сондай-ақ гаджетті қуаттауға арналған розетка, USB-портымен жабдықталған.
«Теміржол көлігінің мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Штаб вагондарында арбаны орналастыруға арналған аумағы кеңейтілген арнайы купелер бар. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында вагонға міну және одан түсуді жеңілдететін көтергіш құрылғы орнатылған. Ал кіреберістің табалдырықсыз болуы вагонға кедергісіз кіруге мүмкіндік береді.
Сапар кезіндегі жайлылықты арттыру мақсатында вагондар Wi-Fi желісімен, эргономика тұтқамен, жарықдиодты шаммен, купедегі температураны жеке реттеу мүмкіндігімен және сейфпен жабдықталған. Жаңа вагондарды тиісті деңгейде пайдаланылған жағдайда қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді», делінген хабарламада.
Жолаушылар вагондарын кезең-кезеңімен жаңарту халыққа көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жолаушылар үшін неғұрлым жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, тасымалдау сенімділігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Астанадан Алматыға, Атырауға және Семейге Stadler вагондарынан жасақталған пойыздар қатынай бастады.





