Астанада 12 желтоқсан күні Barys Arena сахнасында Beu Awards 2026 музыкалық сыйлығы тапсырылады. Кеште отандық музыкадағы жыл қорытындыланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Мерекелік концертте соңғы айларда тыңдарманның көңілінен шығып, музыкалық чарттардан көрінген әрі елдің музыкалық кеңістігінде өзіндік орны бар әртістер бір сахнада өнер көрсетеді.
Beu Awards – жанды музыканы және ауқымды шоуды ұнататын көрермен үшін ерекше кеш болмақ. Кеште Ирина Кайратовна, Ninety One, Alpha, Жанар Дұғалова, Мирас Жүгінісов, M'Dee, Ayau, Ghetto Dogs, Bonapart және Ziruza сияқты әртістер өнер көрсетеді. Кеш бағдарламасында алғаш рет үлкен сахнаға шығатын жас орындаушылар да бар.
Жарқын қойылымдар, музыкалық премьералар, сүйікті әртістермен жүздесу және мыңдаған көрерменнің ерекше көңіл күйі бұл кешті жылдың есте қаларлық оқиғасының біріне айналдырмақ.
Еске салсақ, 2 желтоқсанда елордада «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтеді.