Іле ауданының прокуратурасы жер телімдерін жеке меншікке беру кезінде жер заңнамасының талаптары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2009–2011 жылдары жеке тұлғаға жеке орман өсіру мақсатында жалпы көлемі 100 гектарлық екі жер учаскесі (12 және 88 га) берілген. Алайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы аталған жер учаскелері заңнамада белгіленген тәртіп бұзылып, міндетті сауда-саттық өткізілмей, жеке меншікке берілген.
Сонымен қатар жер учаскелері мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, олардың аумағында орман екпесі болмаған.
Сот екі жер телімін беруді заңсыз деп танып, оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы прокуратураның талаптарды қанағаттандырды.
Еске сала кетсек, таяуда Ұлытау облысында 7,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды.