Ұлытау облысында нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмай келген жалпы көлемі 7 260 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды., деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жер ресурстарын басқару комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында жер заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды. Тексеру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің біріне қатысты жүргізілген.
Нәтижесінде Ұлытау ауданы аумағында орналасқан жер телімінің нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегені белгілі болды.
Заңбұзушылықты жою мақсатында жер пайдаланушыға тиісті нұсқама берілген. Алайда ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші нұсқамада көрсетілген талаптарды орындауға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізіп, жер учаскесін толықтай өз еркімен мемлекетке қайтарды.
Қайтарылған жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, жерді тиімді пайдалануға дайын шаруашылықтарға беруге жол ашады.
Еске салсақ, Зерендіде 200 жер телімі ұзақ уақыт бойы мемлекет меншігіне тіркелмей келген.