Бас прокуратурада «Үздік мемлекеттік айыптаушы» республикалық байқауының қорытындылары шығарылды., деп хабарлайды Elordainfo.kz қадағалау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара мемлекеттік айыптаушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, қылмыстық іс бойынша сотта мемлекет атынан айыптауды қолдайтын дайындығы жоғары прокурорлар пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі 518 прокурор қатысты, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүргізетін прокурорлар да бар. Финалға 22 мемлекеттік айыптаушы өтті.
Құқық қорғау органдары академиясының алаңында үміткерлер сотта сөйлеген сөздерін таныстырып, қылмыстық және қылмыстық-процестік құқық бойынша тапсырманы, сондай-ақ стандарттан тыс жағдайларды қамтитын кейс тапсырмасын орындады.
Байқау қорытындысы бойынша басшы құрам арасынан Аягөз гарнизонының әскери прокурорының орынбасары Алмас Темірханов, қатардағы құрамнан Маңғыстау облысы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау басқармасының аға прокуроры Жалғас Қосымбай жеңімпаз деп танылды.
Сондай-ақ қосымша алты номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:
«Алқабилер қатысатын соттағы үздік мемлекеттік айыптаушы» – Павлодар қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау тобының аға прокуроры Әлия ДКаппаева;
«Белсенді мемлекеттік айыптаушы» – Қызылорда облысы Байқоныр қаласы прокуратурасының прокуроры Мақсат Шегебаев;
«Үздік сөз шебері»– Теміртау қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау бөлімінің бастығы Кердекаева Галина және Ұлытау облысы Ұлытау ауданының прокуроры Еркен Баймағамбетов;
«Мемлекеттік тілдегі үздік сөз сөйлеу» – Абай облысы Мақаншы ауданының прокуроры Бақытжан Мәмбетов;
«Креативті мемлекеттік айыптаушы» – Алматы облысы Қонаев қаласының прокуроры Жәнібек Жақаев;
«Мемлекеттік айыптауды басқа құрылымдық бөлімшелер қызметкерлері арасында үздік қолдау» – Астана қаласы «Алматы» ауданының прокуроры Нұрлан Тойшыбеков.



