Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу мәселелеріне арналған Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары уәкілетті органдарға ұсынымдар әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz парламенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, нормативтік кедергіні жоюға, отандық өндірісті дамытуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған.
Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне технологиялық тұрғыдан күрделі өнім өндірушілердің мемлекеттік ынталандыру шарасын алу жөніндегі өтінімін басым тәртіппен қарастыру тетігін әзірлеу ұсынылды. Сонымен қатар өңдеу секторы кәсіпорындарына қолданыстағы мемлекеттік қолдау шарасының тиімділігіне талдау жүргізіп, олардың нәтижелілігін айқындау және проблемалық мәселені анықтау ұсынылып отыр.
«Сауда және интеграция министрлігіне Қаржы министрлігімен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, отандық өңделген өнімді өткізу нарықтарын кеңейту жөнінде шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Оның ішінде экспорттық бағыттарды дамыту, сыртқы нарықтарға шығуды қаржылай қолдау көлемін ұлғайту және сауда кедергілерін жою мәселелері қамтылған», делінген хабарламада.
Ұсынымдардың жеке бір бөлігі азық-түлік өнімдерін мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіруге қатысты. Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының және басқа да мемлекеттік мекеменің, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың тамақтандыруды ұйымдастыру (кейтеринг) қызметін сатып алу кезінде отандық өнімді пайдалануды ынталандыру мәселесін пысықтау ұсынылды.
Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылтайда өткен Үкімет сағатында құрылыс жобаларында отандық материалдарды барынша кеңінен пайдалануды қамтамасыз ету шаралары қабылданатынын мәлім етті.