Header Banner

Қазақстанда америкалық авиация университетінің филиалы ашылады

Бүгін, 15:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда америкалық авиация университетінің филиалы ашылады
Фото: Көлік министрлігі

Бұл туралы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың АҚШ-тың мемлекеттік жоғары оқу орны – Kent State University делегациясымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік минисьрлігіне сілтеме жасап. 

Делегацияны университеттің атқарушы вице-президенті әрі проректоры Мелоди Танкерсли басқарды.

Кездесу барысында тараптар авиациялық білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, Kent State University филиалын Қазақстанда ашу жөнінде келісімге келді.

Kent State University – авиация саласы үшін мамандар даярлауда мол тәжірибесі бар америкалық университеттердің бірі. Университеттің авиациялық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. Сонымен қатар, оқу орнының жеке әуежайы мен оқу-жаттығу әуе кемелерінің паркі бар.

Жаңа білім беру орталығы тек Қазақстанның ішкі еңбек нарығына ғана емес, тұтастай Орталық Азия өңіріне қажетті ұшқыштарды, инженерлік-техникалық мамандарды және әуе қозғалысын басқару қызметінің диспетчерлерін даярлауға бағытталмақ.

Көлік министрлігінің басшысы авиация саласы үшін білікті кадрлар даярлау және оқытудың озық халықаралық стандарттарын енгізу Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру міндетін іске асырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға өзара мүдделілік танытып, жобаны егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстарын сарапшылық деңгейде жалғастыруға келісті.

Еске салайық, бұдан бұрын сот FlyArystan әуе компаниясының жолаушылар құқығын бұзатын ережелерін өзгерту туралы Сауда және интеграция министрлігінің талабын заңды деп танығаны туралы жаздық.