12 желтоқсанда сағат 17:00-де Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде жылқының сұлулығын, сымбатын және әсемдігін дәріптеуге арналған Astana Horse Exhibition 2026 мәдени-спорттық іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Astana Horse Exhibition 2026 елорданың ат спорты клубтарын, сала мамандарын, жылқы жанашырларын және қала тұрғындарын бір алаңға тоғыстырады.
Жобаның басты мақсаты – жылқыны халқымыздың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі ғана емес, сұлулықтың, тектіліктің және әсемдіктің символы ретінде заманауи форматта таныстыру.
Іс-шараның негізгі бөлігінде Астана қаласындағы ат спорты клубтарынан әкелінген түрлі тұқымдағы 40-50 жылқы көпшілік назарына ұсынылады.
Көрермендер жылқылардың салтанатты шеруін, манежге жеке шығуын, олардың табиғи сұлулығы мен ерекше бітімін тамашалай алады. Әрбір көрсетілім арнайы әзірленген музыкалық сүйемелдеумен, жарық әсерлерімен және мультимедиалық көркемдеумен толықтырылады.
Бағдарлама аясында ат үстіндегі өнер шеберлерінің әсерлі көрсетілімдері, жигитовка элементтері және музыкалық қойылымдар ұсынылады.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі жылқы мәдениетін заманауи технологиялармен және мәдени-ағартушылық бастамалармен ұштастыруға ерекше мән береді.
Атап айтқанда, іс-шара барысында жасанды интеллект технологияларының көмегімен әзірленген, жылқының табиғи сұлулығын, қимыл-қозғалысындағы үйлесімділік пен әсемдігін бейнелейтін көркем мультимедиалық контент көрсетіледі. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған цифрлық даму және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу басымдықтарымен үндеседі.
Сонымен қатар кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында іс-шара алаңында жылқы тақырыбына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылады. Экспозицияда жылқы тарихы, ат спорты, жылқы мәдениеті мен оның адамзат өркениетіндегі орны туралы әдебиеттер ұсынылады.
Іс-шарада жануарларға жауапкершілікпен қарау, тазалықты сақтау, тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын ұстану мәдениетіне де назар аударылады. Бұл құндылықтар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамаларының негізгі қағидаттарымен сабақтасады.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Astana Horse Exhibition жобасын жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шараға айналдырып, оны Қазақстанның мәдени-спорттық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, елордалық шабандоздар әлем кубогының Еуразия лигасы финалында 8 медаль жеңіп алды.