Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің отырыстары аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Министр Халықаралық велоспорт одағының (UCI) президенті Давид Лаппартьенмен, Халықаралық волейбол федерациясының (FIVB) президенті Фабио Азеведомен, Ботсвана Республикасының спорт және өнер министрі Джейкоб Келебенгпен, Эстония Республикасының мәдениет министрі Хейди Пургамен және Украинаның жастар және спорт министрі Матвій Бідниймен кездесті.
Кездесуге қатысқан Давид Лаппартьен, Фабио Азеведо, Джейкоб Келебенг және Хейди Пурга — WADA Құрылтайшылар кеңесінің мүшелері. Ал Украинаның жастар және спорт министрі Матвій Бідний WADA Атқарушы комитетінің мүшесі.
«Кездесулер барысында спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, допингке қарсы күресті күшейту, таза спорт қағидаттарын дәріптеу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды», - делінеді хабарламада.
Халықаралық волейбол федерациясының басшысымен кездесуде Қазақстанда волейболды одан әрі дамытуға, ірі халықаралық жарыстар өткізуге және спорт мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Ал UCI президенті Давид Лаппартьенмен елімізде велоспортты дамыту, отандық спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сөз болды.
Ербол Мырзабосынов шетелдік әріптестеріне елімізде спорт инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар даярлау және халықаралық жарыстар өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ шетелдік спортшыларды 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем чемпионаттарына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде шетелдік делегация өкілдері Астанада өтіп жатқан WADA отырыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстан тарапына алғыс білдірді.
Еске салсақ, гимнаст Нариман Курбанов Ресейдегі халықаралық турнирде топ жарды.