Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайтып, сыртқы саудада шикізатқа қарағанда өңделген, қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыруға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4 млрд АҚШ долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,7%-ға жоғары, былтыр көрсеткіш 4,8 млрд доллар болған.
Экспорт құрылымында астықпен қатар өңделген өнімдердің үлесі де артып келеді. Әсіресе күнбағыс майы, ұн және мал азығы өнімдері экспортының өсімі отандық өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Атап айтқанда, күнбағыс майының экспорты 470,9 мың тоннадан 661,5 мың тоннаға дейін өсті. Ал экспорттық түсім 474,6 млн доллардан 731,4 млн долларға жетті. Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты 1,3 млн тоннадан 1,59 млн тоннаға дейін ұлғайып, түсім көлемі 343 млн доллардан 462,2 млн долларға дейін артты.
Мал азығы өнімдері экспорты да айтарлықтай қарқынды. Есепті кезеңде бұл өнімдердің экспорт көлемі 2,85 млн тоннаға, ал құны 662,3 млн долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 2,02 млн тонна өнім 425,7 млн долларға экспортталған болатын.
«Сонымен бірге астық экспортының көлемі де жоғары деңгейде сақталуда. Тоғыз айда шетелге 6,2 млн тонна бидай мен меслин жеткізіліп, экспорттық түсім 1,42 млрд доллар болды. Өткен жылы осы уақытта 5,5 млн тонна өнім 1,12 млрд долларға экспортталған болатын. Зығыр тұқымының экспорты 881,7 мың тоннаға жетіп, оның құны 429,3 млн доллар болды.
Өсімдік майы, ұн және мал азығы өнімдері экспортының артуы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ілгерлеушілікті көрсетеді. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге, ішкі өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады», делінген хабарламада.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайғанын мәлім еткен еді.