Елордада қазақстандық креативті кәсіпкерлердің жобаларын отандық және шетелдік инвесторларға таныстыруға арналған THE PITCH үш күндік инвестициялық бағдарламасы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры ұйымдастырған жоба Creative Shift республикалық акселерациялық бағдарламасының жалғасы.

Алматы, Шымкент және Астана қалаларында өткен акселерациялық бағдарламаға еліміздің әр өңірінен 650-ден астам креатор қатысып, бизнесті басқару, маркетинг, бренд қалыптастыру, заманауи технологияларды қолдану және инвестиция тарту бойынша білім алды. Бағдарлама қорытындысы бойынша коммерциялық әлеуеті бар 55 жоба іріктелді. Инвестициялық сессияның бірінші күні 24 жоба, екінші күні 31 жоба таныстырылады.
THE PITCH аясында 70 қатысушы үш күндік қарқынды оқыту бағдарламасынан өтті. Сарапшылар мен тәлімгерлердің көмегімен кәсіпкерлер бизнес-модельдерін жетілдіріп, нарықтағы сұранысты саралады және инвестициялық ұсыныстарын әзірледі. Инвестициялық сессияға 83 инвестор мен серіктес шақырылды. Олардың қатарында Корея, Сингапур, Түркия және басқа да елдердің инвестициялық ұйымдары мен венчурлық платформаларының өкілдері бар.

Креативті индустрияларды дамыту қорының Басқарма төрағасы Ерлан Каналимов салаға жеке капитал тартудың маңызына тоқталды.
«Қазақстанда шығармашылық әлеуеті жоғары жобалар көп. Ендігі міндет – сол жобаларды бәсекеге қабілетті өнімге айналдырып, тұрақты табыс әкелетін кәсіп ретінде дамыту. THE PITCH арқылы кәсіпкерлердің жеке капитал тартуына, өндірісін кеңейтуіне және халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасауды көздеп отырмыз. Қор үшін әрбір инвестициялық келісім – креативті экономиканың дамуына қосылған нақты үлес», – деді Ерлан Каналимов.

Инвестициялық сессия барысында әр командаға өнімін, бизнес-моделін, коммерциялық әлеуетін және инвестициялық ұсынысын таныстыруға үш минут беріледі. Таныстырылымдардан кейін кәсіпкерлер мен инвесторлар жеке кездесулер өткізіп, қаржыландыру шарттары мен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылайды. Қор сессия қорытындысы бойынша кәсіпкерлер мен инвесторлар арасындағы келіссөздерді жалғастыруға және коммерциялық келісімдер жасауға қолдау көрсетуді көздеп отыр.
