Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Беларусьфильм» ұлттық киностудиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлесе фильм түсіруге және екі елдің ұлттық киносын кеңінен танытуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Меморандумда ортақ киножобаларды қолға алу, шығармашылық және техникалық мамандар алмасу, киноға арналған іс-шаралар, семинарлар мен шеберлік сабақтарын өткізу көзделген. Тараптар екі елде түсірілген фильмдерді халықаралық деңгейде танытуға уағдаласты.
«Кездесуде тараптар мәдени мұраны сақтау мен елдердің мәдени байланысын нығайтудағы киноның маңызын атап өтті. Сонымен бірге меморандум бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды. Жиында қазақстандық фильмдердің шетелдік көрсетілімдерін көбейту және екі елдің кино мамандары арасында тәжірибе алмасу жайы да сөз болды», - деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бүгін Минскіде Қазақстан киносы күндері басталады. 27 қарашаға дейін «Победа» кинотеатрында отандық алты фильм көрсетіледі. Олардың қатарында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Паралимпиец», «Күзгі самал», «Капитан Байтасов» және «38. Соңғы нүкте» фильмдері бар.
Кино көрсетілімдеріне кіру тегін.
Еске салсақ, Астанада «Арқа әуендері» зейнеткерлер ансамблінің мерейтойлық концерті өтті.