«Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисі іске қосылғалы бері eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы әлеуметтік төлем алушылардың 900-ден астамы осы мүмкіндікті пайдаланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік сервис пайдаланушыларының профильдеріне талдау жүргізген еді.
«Сервис деректеріне сәйкес, әлеуметтік төлемдерден көбіне тұрақты жеке кәсібі мен жоғары табысы бар, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанына (оның ішінде элиталық тұрғын үйге) және көлік құралдарына иелік ететін азаматтар бас тартады. Себебі олардың отбасылық бюджетінде мемлекеттік жәрдемақының рөлі айтарлықтай орын алмайды», - делінген хабарламада.
Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі төрт кәмелетке толмаған баласы бар алты адамнан тұратын отбасының ай сайынғы ресми табысы 3,8 миллион теңгеден асқан. Бұл отбасы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартып отыр, себебі орташа айлық табысты отбасының әр мүшесіне шаққанда айына 636 мың теңгеден астам қаражатты құрайды. Жоғары табыстан бөлек, отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй нысаны, жер учаскесі және автокөліктер бар.
Оңтүстік өңірдегі келесі отбасының мүшелері жалдамалы жұмыспен қатар жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй нысаны мен жер учаскелері бар.
Еліміздің орталық өңірінде тұратын, мемлекеттік жәрдемақыдан өз еріктерімен бас тартқан тағы бір ауқатты отбасы жеті адамнан, оның ішінде бес кәмелетке толмаған баладан тұрады. Отбасының ай сайынғы ресми табысы 2,3 миллион теңгеден асады. Бұл отбасы да жеке кәсіппен айналысады. Сонымен қатар меншігінде элиталық тұрғын үй, жер учаскелері, жеңіл автокөліктер және коммерциялық көлік бар.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай қадамды табысы жоғары әрі тұрмыстық жағдайы жақсы азаматтардың жеке әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ретінде бағалайды. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – әр азаматтың өз еркімен қабылдайтын жеке шешімі. Мұндай шешімдер мемлекеттік қолдауды оған көбірек мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте төлемдерден өз еркімен бас тарту азаматты болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан айырмайды. Егер өмірлік жағдайы өзгеріп, материалдық ахуалы төмендесе, азамат кез келген уақытта жалпы тәртіппен жәрдемақы тағайындауға қайта өтініш бере алады», - деп хабарлады ведомство.
Еңбек министрлігі азаматтарға қауіпсіздік ережелерін де еске салады. Сервис тек eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында жұмыс істейді. Ведомство мессенджерлер немесе SMS арқылы «төлемдерден бас тартуға» арналған сілтемелер жібермейді. Сондықтан тек ресми ресурстардағы ақпаратқа сену қажет екенін ескертті.
Еске салсақ, министрлік интернет кеңістігінде әлеуметтік жәрдемақылардың күшін жою немесе мөлшерін қысқарту, сондай-ақ азаматтарды мемлекеттік қолдаудан айыру туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.