Header Banner

Тұмауға қарсы екпені кімдер тегін алады

Тұмауға қарсы екпені кімдер тегін алады
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында тұмауға қарсы екпе кімдерге тегін салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің айтуынша, 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға 2,2 млн доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Екпе құрамында ДДСҰ ұсынымы ескеріліп, тұмау вирусының үш нұсқасына қарсы компоненттер бар: A(H1N1), A(H3N2) және B. Бүгінгі таңда 2 млн 65 мың адам вакцина алды. Бұл жоспарланған көлемнің 93,9%-ы. Вакцинациялау жұмысы 1 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Мемлекеттік бюджет есебінен динамикалық бақылауда тұрған балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қарттарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға және медицина қызметкерлеріне екпе салынады. Сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша ерікті негізде қауіп тобына жататын басқа да адамдарды, оның ішінде жүкті әйелдерді, әскери қызметшілерді, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдарды, сондай-ақ 65 жастан асқан азаматтарды вакцинациялау көзделген», - деді Сархат Бейсенова.

Оның сөзінше, қазір елімізде тұмау маусымы жүріп жатыр.

«Сақтық шараларын қолға алыңыз. Вакцинация тұмауды жұқтыру және оның асқыну қаупін төмендетеді. Екпе алмаған азаматтарды, әсіресе қауіп тобына жататын адамдарды 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы вакцина алуға шақырамын», – деді спикер.

Еске салсақ, елімізде медицинада жасанды интеллектті қолдануға қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі