Header Banner

ХХІ ғасырдағы АИТВ: медициналық мәселеден – ортақ қоғамдық жауапкершілікке

ХХІ ғасырдағы АИТВ: медициналық мәселеден – ортақ қоғамдық жауапкершілікке
Фото: freepik.com

ХХІ ғасырда медицина АИТВ инфекциясын бақыланатын созылмалы ауруға айналдыру арқылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұдан бірнеше онжылдық бұрын қатаң үкім ретінде қабылданатын бұл диагноз бүгінде дертті дер кезінде анықтап, тұрақты ем қабылдаған жанның толыққанды өмір сүруіне, отбасы құруға, еңбек етіп, ертеңгі күнге сеніммен жоспар құруына кедергі бола алмайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Алайда АИТВ әлі де қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы аса маңызды мәселе бола отырып, жүйелі түрдегі профилактиканы, дертті дер кезінде анықтауды, сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін, халыққа шынайы ақпарат жеткізуді және бүкіл қоғамның саналы, жауапты көзқарасын талап етеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС жөніндегі бағдарламасының (ЮНЭЙДС) деректері бойынша, 2025 жылы әлемде шамамен 41 миллион адам АИТВ-мен өмір сүрді. Сол жылы 1,2 миллион адамға жуық бұл дертті жаңадан жұқтырса, 570 мың адам ЖИТС-ке байланысты сырқаттардан қайтыс болды. Ал антиретровирустық терапияны 32,1 миллион адам қабылдады.

Әлемдік статистика қуантарлық жетістіктерді көрсетті. Айталық індеттің шарықтау шегіне жеткен 1994 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда инфекцияны жаңадан жұқтыру деректері 65%-ға азайды, ал ЖИТС-ке байланысты өлім-жітім көрсеткіші 2004 жылғы ең жоғары деңгейден 73%-ға төмендеді.

Сонымен бірге диагностика мен емдеудің жаһандық каскады әлі 95-95-95 мақсатты көрсеткіштерге жеткен жоқ. 2025 жылы АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамның 88%-ы өз мәртебесін білді, олардың 78%-ы антиретровирустық ем алды, ал 74%-ы вирустық жүктеменің басылуына қол жеткізді.

Әлемдік статистика көрсеткендей, қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, АИТВ-мен күрес әлі аяқталмады. Әр көрсеткіштің артында нақты адам, оның денсаулығы, отбасы мен өмір сапасы жатыр. Сондықтан бүгінгі таңда медициналық технологияларды жетілдіріп қана қоймай, адам өзінің АИТВ мәртебесін уақтылы біліп, қажетті көмек ала алатын және үкімнен қорықпайтын жағдай жасау маңызды.

Қорқыныш пен мифтен – білім мен мүмкіндікке

Соңғы онжылдықтардағы басты өзгерістің бірі – АИТВ инфекциясына медициналық тұрғыдан түбегейлі жаңа көзқарастың қалыптасуы. Заманауи антиретровирустық терапия вирустың көбеюін тежеуге, адамның денсаулығын сақтауға және инфекцияның әрі қарай таралу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Тиімді ем қабылдаған кезде және вирустық жүктеме тұрақты түрде анықталмайтын деңгейде болса, АИТВ жыныстық жолмен берілмейді. «А=Ж» –«анықталмайды жұқтырмайды» («U=U» –Undetectable = Untransmittable), –ретінде белгілі бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген қағидат тек профилактика үшін ғана емес, сонымен қатар негізсіз қорқыныш пен теріс пікірді жою үшін де аса маңызды мәнге ие.

АИТВ-ның заманауи алдын алу жұмысы тек қорғану құралдарын ақпараттандыру мен пайдалануды ғана емес, сонымен қатар инфекцияның алдын алудың медициналық әдісін қолдануды да қамтиды. Оларға инфекция қаупі жоғары адамдар үшін қатынасуға дейінгі профилактика (PrEP), АИТВ-мен ықтимал байланыста болғаннан кейін қатынасудан кейінгі профилактика (PEP), стерильді құралдарды қолдану және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды уақтылы емдеу кіреді. Бұл шараларды кешенді қолдану инфекцияның таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Дегенмен медициналық білім әзірге адамдардың күнделікті санасына толық сіңе қойған жоқ. АИТВ-ның таралу жолдары туралы мифтер, тексерден қорқу және бұл дерт тек жекелеген топтарға ғана қатысты деген қате түсініктер диагноздың дер кезінде қойылуына кедергі келтіреді.

АИТВ қол алысып амандасқанда, құшақтасқанда, ыдыс-аяқты ортақ пайдаланғанда немесе қарапайым тұрмыстық қарым-қатынаста берілмейді. Негізгі жұғу жолдары – жыныстық жол, кей жағдайа қан арқылы, сондай-ақ жүктілік, босану немесе бала емізу кезінде АИТВ жұқтырған анадан балаға өту. Олай болса, алдын алу шаралары нақты әрі шынайы ақпараттан басталады. Адам инфекцияның нақты таралу жолдарын жеткілікті түсінсе, дұрыс шешім қабылдап, өз денсаулығына қамқорлық жасау соғұрлым жеңіл болады.

Қазақстан мен Астана: статистиканың артында нақты міндеттер тұр

Қазақстан үшін АИТВ инфекциясына қарсы іс-қимыл қоғамдық денсаулық сақтаудың басты бағытының бірі болып қала береді. Қол жеткізілген нәтижені тек анықталған жағдайдың санымен ғана емес, сондай-ақ дертті дер кезінде анықтау, емнің қолжетімділігі, науқастарды динамикалық бақылауда ұстау және алдын алу шараларының тиімділігі арқылы бағалау қажет.

2026 жылғы қараша айының басындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 88 %-ы өзінің АИТВ мәртебесін білген. Олардың ішінде 93%-ы антиретровирустық терапия алды, ал емделушілердің 93%-ы вирустық жүктеменің басылуына қол жеткізді.

Халықтың қозғалысы қарқынды, жылдам дамып келе жатқан елорда ретінде Астана қаласы үшін профилактикалық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, инфекцияны, оның ішінде клиникалық көрсетілімдер бойынша белсенді анықтау және динамикалық бақылаудың үздіксіздігін сақтау ерекше маңызды.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының бағалауы бойынша, 2026 жылы Астана қаласында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың саны шамамен 3 800. 2026 жылдың 10 айында елордада АИТВ инфекциясының 295 жаңа жағдайы анықталды, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 жағдайға аз.

2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Астана қаласында АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамның 89 %-ы өз мәртебесін білді. Олардың 91%-ы антиретровирустық терапия қабылдаған, ал ем қабылдап жүрген адамдардың 92 %-ы вирустық жүктеменің басылуына қол жеткізді. Осы кезеңде елорда тұрғындары арасында ЖИТС-ке байланысты аурулардан қайтыс болудың 8 адам жағдайы тіркелді.

Бұл көрсеткіштер АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды анықтау мен медициналық қолдаудың негізгі кезеңдерін көрсетеді. Бұл ретте алғаш рет анықталған жағдайдың саны тікелей есепті кезеңде болған инфекциялар санына тең емес екенін ескеру қажет. Анықталу статистикасына тестілеумен қамту ауқымы, тексерілудің қолжетімділігі, медициналық қызметтерге дер кезінде жүгіну және басқа да факторлар тікелей әсер етеді.

Көрсеткіштер жағдайды шынайы бағалауға, басым бағыттарды айқындауға және бар ресурстарды анағұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте басты міндет – тек инфекцияны анықтап қана қоймай, көмекке мұқтаж әрбір адамның қажетті қолдауды дер кезінде әрі толық көлемде алуын қамтамасыз ету.

Профилактика – ортақ жауапкершілік

АИТВ-мен күрес тек медициналық ұйымдардың ғана міндеті деген кең таралған түсінікті әлдеқашан қайта қарау қажет. Денсаулық сақтау жүйесі профилактика, диагностика және науқастарды динамикалық бақылаумен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге профилактиканың тиімділігін айқындайтын көптеген факторлар дәрігер кабинетінің шеңберінен тыс қалып, қоғамның басқа да институттарының қатысуын талап етеді.

Білім беру ұйымдары денсаулық мәдениетін қалыптастырып, жастарға шынайы ақпарат алуға көмектеседі. Жұмыс берушілер денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қолдап, қауіпсіз еңбек ортасын туындата алады және кемсітушілікке жол бермейді. Үкіметтік емес ұйымдар профилактикалық білімді таратуға үлес қосып, адамдарға медициналық қызметтерге жүгінуге септігін тигізеді және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді нығайтады.

Ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңызы ерекше. Медициналық ұйымдар, мемлекеттік басқару органдары, әлеуметтік қызметтер мен қоғамдық серіктестер бірлесіп әрекет еткенде, профилактика жұмысы нақтырақ әрі нәтижелі бола түседі.

Бұл ретте мынаны: қоғамның жауапкершілігі дегеніміз – жауапкершіліктің бүкіл жүгін денсаулық сақтау жүйесінен азаматтардың өзіне арту емес екенін түсіну маңызды. Керісінше, бұл – әрбір азамат ұйымдастырушылық және әлеуметтік кедергісіз шынайы ақпарат ала алатын, тестілеуден өте алатын, қажет болған жағдайда ем қабылдап, бақылауды жалғастыра алатын қолайлы жағдайлар жасауды білдіреді.

Халықтың негізгі топтарымен профилактикалық жұмыс ерекше назар аударуды талап етеді, өйткені бұл әртүрлі топтың ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік беретін атаулы іс-шаралар. Астанада бұл жұмысқа 64 аутрич жұмыскер тартылды, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде профилактикалық бағдарламаларды екі үкіметтік емес ұйым іске асырады.

2026 жылдың 10 айында профилактикалық бағдарламалармен халықтың негізгі топтарына жататын 5 057 адам қамтылды. Атап айтқанда, инъекциялық есірткі қолданатын адамдардың есептік санының 67,4 %-ы, секс жұмыскерлердің 67,7 %-ы және ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлердің 27,4 %-ы профилактикалық бағдарламалармен қамтылды. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіштер тиісінше 65,3 %, 70,3% және 28,8 %-ды құрады.

Ұсынылған деректер инъекциялық есірткі қолданатын адамдар арасында профилактикалық бағдарламалармен қамту деңгейінің артқанын көрсетеді. Сонымен бірге секс жұмыскерлер мен ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер арасында қамту деңгейінің төмендеуі осы топтарға бағытталған профилактикалық тәсілдерді одан әрі жетілдіру және оларды профилактикалық бағдарламалармен қамтуды кеңейту қажеттігін айқындайды.

Уақтылы тестілеу – денсаулықты қорғаудың кепілі

Өз АИТВ мәртебесін білу – денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың ең маңызды бөлігі. Тестілеу инфекцияны дер кезінде анықтауға, маманнан кеңес алуға және диагноз расталған жағдайда емді ертерек бастауға мүмкіндік береді.
Адамда ұзақ уақыт бойы айқын белгілер болмауы мүмкін. АИТВ инфекциясының инкубациялық кезеңі– жұқтырудан бастап клиникалық симптомдар пайда болғанға дейін, орташа есеппен 2 аптадан 3 айға дейін, бірақ сирек жағдайларда 6-12 айға дейін созылуы мүмкін.

Осыған байланысты шағымдардың болмауы АИТВ инфекциясының мүмкіндігін жоққа шығаруға негіз болып табылмайды. Тексеру қажеттілігі ықтимал қауіптер мен медициналық ұсыныстарды ескере отырып анықталады.

Заманауи тәсілдер тестілеудің қолжетімді нысандарын дамытуды, кеңес беруді және медициналық қызметтерге мұқтаж жандарды сүйемелдеуді көздейді. Бұл ретте тексеру белгіленген талаптарға, соның ішінде еріктілік қағидатына, дербес деректерді қорғауға және медициналық ақпараттың құпиялылығы қатаң сақтала отырып жүргізілуге тиіс.

Уақтылы тексерілу үшін қосымша мүмкіндіктерді HIVTEST онлайн-сервисі ұсынады, ол арқылы Астана тұрғындары мен қонақтары үйге жеткізілетін АИТВ-ға дербес тестілеуге арналған жинаққа тегін және құпия түрде тапсырыс бере алады. Платформа тестілеудің қолжетімділігін арттыруға, құпиялылықты қамтамасыз етуге және АИТВ инфекциясын ерте анықтауға бағытталған.

Қалалық денсаулық сақтау жүйесі үшін АИТВ инфекциясын уақтылы диагностикалау ғана емес, медициналық қызметтердің үздіксіздігін қамтамасыз ету де маңызды. АИТВ инфекциясын анықтау – одан арғы жұмыстың бастамасы. Бұл ретте диагнозды растау, мамандарға уақтылы жүгінуді қамтамасыз ету, антиретровирустық терапияны бастау, тұрақты динамикалық бақылау жүргізу және вирустық супрессияның тұрақты деңгейіне қол жеткізу қажет. Медициналық сүйемелдеудің тиімділігі дәл осы кезеңдердің жүйелі әрі бірізді жүзеге асырылуына байланысты.

Стигма мен дискриминация – профилактикаға кедергі

Медициналық және ұйымдастырушылық міндеттермен қатар, маңызды әлеуметтік кедергі – АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды стигмаға ұшырату мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Қоғамның теріс көзқарасынан немесе айыптауынан қорқу адамның тексерілуін кейінге қалдыруына, денсаулық жағдайын жасыруына және көмекке жүгінбеуіне түрткі болуы мүмкін. Нәтижесінде бұл түйткіл жеңілдемей, керісінше күрделене түседі: ерте диагностика жасау, дер кезінде ем қабылдау және инфекцияның әрі қарай таралуының алдын алу мүмкіндіктерін өткізіп алады.

АИТВ мәртебесі адамның ар-намысын, кәсіби қабілетін немесе оның құрметке лайық екендігін анықтамайды. АИТВ-мен өмір сүретін әрбір адам жеке өмірінің қорғалуына, сапалы медициналық көмек алуға және негізсіз шектеулер мен теріс пікірлерсіз қоғамдық өмірге толыққанды қатысуға құқылы.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының міндеті – тек емдеп қана қоймай, сонымен бірге сенім атмосферасын қалыптастыру. Ал қоғамның міндеті – стереотиптерден бас тартып, адам құқықтарын құрметтеу мен тиімді профилактиканың бір-біріне қайшы келмейтінін, керісінше, оң нәтижелерді өзара күшейте түсетінін түсіну.
Осы мақсатта ақпараттық-ағарту жұмыстары тұрақты, ғылыми негізделген және халықтың шынайы қажеттіліктеріне бағытталған болуы тиіс. Біржолғы науқандардың маңызы зор, алайда тұрақты өзгерістер жүйелі түрдегі ағарту жұмыстары, ашық диалог және өз денсаулығына деген жауапкершілік арқылы ғана қалыптасады.

Астананың рөлі: анықтаудан кешенді сүйемелдеуге дейін

Елордалық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы үшін инфекцияның таралуын болдырмау, оны уақтылы анықтау, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс басымдық болып қала береді. 

Бұл жұмыс медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен, стационарлармен, үкіметтік емес ұйымдармен және басқа да серіктестермен өзара іс-қимылды көздейді. Бұрын АИТВ инфекциясы анықталған, бірақ әртүрлі себептермен медициналық ұйымдарға келуін тоқтатқан адамдарды динамикалық бақылауға қайта тарту ерекше маңызға ие. Осы мақсатта ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктері, байланыста болған адамдарды анықтау, клиникалық көрсетілімдер бойынша тестілеу және диагнозы алғаш рет анықталған адамдарды сүйемелдеу жұмыстары жетілдірілуде.
Осылайша, Орталықтың қызметі белгіленген көрсеткіштерді орындауға ғана емес, нақты нәтижеге қол жеткізуге де бағытталған: АИТВ инфекциясын уақтылы анықтау, медициналық қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету және инфекцияның одан әрі таралу қаупін төмендету.


Әркімнің жауапкершілігі – ортақ денсаулыққа қосқан үлесі

Қоғамның жауапкершілігі тәжірибеде нені білдіреді? Әрбір азамат үшін – бұл шынайы ақпарат алуға ұмтылу, өз денсаулығына саналы түрде қарау және қажетті көрсеткіштер болған жағдайда уақтылы тексеруден өту. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар үшін – өзара үйлесімді әрекет ету, профилактикалық бағдарламалардың қолжетімділігін және көмек көрсету жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Медицина қызметкерлері үшін – кәсібилік, құпиялылықты сақтау, адамдарға құрметпен қарау және сапалы көмек көрсету. Білім беру ұйымдары үшін – денсаулық мәдениетін қалыптастыру және ғылыми негізделген ақпарат ұсыну. Жұмыс берушілер үшін – кемсітушілікке жол бермеу және адамның денсаулық жағдайы оның құқықтарын негізсіз шектеуге себеп болмайтынына жағдай жасау.

Сондай-ақ, жалпы қоғам АИТВ-ның алдын алу жұмыстары қорқыныш, немқұрайлылық пен теріс көзқарас басым болған ортада тиімді бола алмайтынын түсінуі қажет.

Түйін орнына

ХХІ ғасырда медицина мүмкіндіктері АИТВ инфекциясының ағымын және осы диагнозбен өмір сүретін адамдардың өмір сапасын түбегейлі өзгертуге жол ашады. Алайда ғылыми жетістіктер тек азамат оларды уақтылы, қажетті ем ала алатын, қауіпсіз әрі айыптаудан қорықпай пайдалана алған жағдайда ғана нақты қоғамдық нәтижеге айналады.

АИТВ-ның алдын алу – бұл мемлекеттің, білім беру жүйесінің, жұмыс берушілердің, қоғамдық бірлестіктердің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тек күш-жігерді біріктіре отырып, біз медициналық қызметтер барлығына қол жетімді және адам құқықтарын құрметтеу қоғамдық денсаулықтың ажырамас бөлігі болып табылатын, алдын-алу жұмысы қалыпты жағдайға айналатын қоғам құра аламыз.

Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК директоры

Денис Панченко