Қазақстандық ғалымдар обыр жасушаларының химиотерапияға неліктен жауап беруін тоқтататынын және емдеудің тиімділігін қалай арттыруға болатынын зерттеп жатыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығының (ҰҒОО) мамандары Назарбаев Университетімен бірлесіп болашақта қуық обыры бар пациенттерді емдеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын перспективалық тәсілді зерттеп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Зерттеуге шамамен 60 пациент кіреді. Аурудың ерекшеліктерін зерттеу үшін қазақстандық мамандар пациенттердің ісік тіндері мен несеп үлгілерінің негізінде үш өлшемді жасушалық модельдер жасауға мүмкіндік беретін заманауи зертханалық технологияларды қолданады.
Мұндай технологиялар ғалымдарға обыр жасушаларының мінез-құлқын зерттеуге, олардың дәрі-дәрмектерге реакциясын бағалауға және ісіктің емдеуге көнбеушілігін жеңу жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.
Зерттеушілердің назары ісік жасушаларының қорғаныс механизмдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқара алатын TAM рецепторларының ақуыздар тобына бағытталған. Алдын ала нәтижелер жеке ақуыздардың деңгейі аурудың агрессивтілігімен және ісіктің химиотерапияға көнбеушілігімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зертханалық жағдайда мамандар стандартты емдеудің тиімділігін арттыру үшін осы ақуыздарды блоктау мүмкіндігін зерттеп жатыр.
«Әзірге емдеудің жаңа әдісін енгізу туралы айтуға әлі ерте. Зерттеу клиникаға дейінгі кезеңде. Бұл дегеніміз, біз биологиялық үлгілермен және зертханалық модельдермен жұмыс істеп жатырмыз, ал пациенттерде бұл тәсілдің тиімділігі әлі тексерілмейді», — деп атап өтті ҰБОО-ның онкоурологы Жанқуат Кубеев.
Зерттеудің тағы бір перспективалық бағыты-ісік тінін алуды қажет етпестен несеп талдауы арқылы ісіктің биологиялық ерекшеліктерін бағалау мүмкіндігін зерттеу болып табылады.
Қазақстандық дәрігерлер мен ғалымдардың бірлескен жұмысы отандық медицина ғылымының дамуына, заманауи зерттеу технологияларын игеруге және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Ғылым мен клиникалық практиканың интеграциясы қазақстандық денсаулық сақтауды дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Мұндай зерттеулер онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге, дербестендірілген медицинаны дамытуға және халыққа медициналық көмектің сапасын арттыруға ғылыми негіз жасайды.