Header Banner

Елімізде ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші 6,8%-ға төмендеді

Бүгін, 17:25
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші 6,8%-ға төмендеді
Фото: pexels.com

Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Соңғы аптада ЖРВИ жұқтыру жағдайларының саны 6,8%-ға азайды. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері сырқаттанушылық деңгейі өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 28,3%-ға төмен, деп хабарлайды Elordainfo.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Соңғы аптада елімізде ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелді. Эпидемиялық маусым басталғалы бері жалпы саны 1 453 967 жағдайды құрады.

«Республикадағы эпидемиологиялық жағдай күзгі кезеңге тән маусымдық деңгейге сәйкес келеді. Мамандар сырқаттанушылық пен респираторлық вирустардың таралуына апта сайын мониторинг жүргізуді жалғастыруда», - делінген хабарламада.

1 қыркүйектен бастап тұмаудың 297 жағдайы зертханалық жолмен расталды. Оның ішінде 295 жағдайы – A(H1N1) вирусы, ал екі жағдайы – В типті тұмау. Басқа респираторлық вирустардың ішінде риновирустар, бокавирустар және аденовирустар басым анықталуда.

Қазақстанда тұмауға қарсы 2 миллионнан астам адам вакцина алды. Вакцинациядан 2 065 649 адам өтті. Бұл жоспарланған қамту деңгейінің 93,9%-ын құрайды. Вакцина еліміздің барлық өңірінде бар.

Республикада инфекциялық аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін 13 335 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың 63%-ы, оның ішінде балаларға арналған төсек-орындардың 69,4%-ы қамтылған.

Эпидемиологиялық жағдай мен медициналық ұйымдардың маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты пациенттер санының артуына дайындығы бақылауда.

Осыған орай дәрігерлер азаматтарды қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға шақырды: қолды үнемі жуу, бөлмелерді жиі желдету, науқас адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу. ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болған кезде медициналық көмекке жүгіну қажет екенін еске салды.

Еске салсақ, Астанада жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қаладағы медициналық ұйымдар тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсету және инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын жаздық.