Header Banner

Қазақстанда менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық 2,2 есе төмендеді

Бүгін, 17:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда менингококк инфекциясымен сырқаттанушылық 2,2 есе төмендеді
Фото: magnific.com

2026 жылдың 10 айында Қазақстанда менингококк инфекциясының 28 расталған жағдайы тіркелді. Оның 78,5%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 2,2 есе төмендеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Комитет елімізде менингококк инфекциясының таралуына жол бермеуге бағытталған эпидемиологиялық мониторинг жүргізу және профилактикалық іс-шараларды үйлестіру жұмыстарын жалғастыруда.

Менингококк инфекциясымен сырқаттанушылыққа мониторинг апта сайын жүргізіледі. Бұл ретте медициналық ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балалар үйлерінде, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерде санитариялық-эпидемияға қарсы режимнің сақталуына ерекше назар аударылады.

Менингококк инфекциясы жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде ауа-тамшы жолы арқылы беріледі.

Инфекцияның алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қолды үнемі жуу, бөлмелерді жиі желдету, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу, науқас адамдармен қарым-қатынастан аулақ болу, сондай-ақ ортақ ыдыс-аяқ пен жеке гигиена заттарын пайдаланбау ұсынылады. Ауру белгілері пайда болған жағдайда дер кезінде дәрігерге қаралу қажет.

Балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу керек. Дене қызуының жоғарылауы, қатты бас ауруы, құсу, әлсіздік, мойын бұлшықеттерінің сіресуі немесе басқан кезде жоғалмайтын бөртпе пайда болған жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Өйткені инфекция жылдам өршіп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Бұған дейін Астанада шала туған сәбилерге қалай күтім жасалатынын жаздық.