Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында мәмілелерді жасау тәртібі мен оларды жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын жетілдіруге ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Заңнама тиімділігі мәселелері бойынша талдау жұмысы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, заңтану магистрі Дархан Төкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасын қолдайтынын жеткізді. Сарапшының пікірінше, алдағы кодификацияның маңызды бағыттарының бірі мәмілелерді құқықтық реттеу мен олардың жарамсыздығының салдарын нақтылау болуы тиіс.
Дархан Төкеев мәміленің азаматтық айналымдағы маңызына тоқталып, оның азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін қалыптастыруда, өзгертуде және тоқтатуда негізгі құқықтық құрал екенін атап өтті. Сондықтан мәмілелердің жарамдылығына қатысты заңнамалық нормалар құқыққа қайшы әрекеттерден қорғаумен қатар, қалыптасқан құқықтық қатынастардың тұрақтылығын да сақтауы қажет.
Маманның айтуынша, заңнама талаптарының бұзылуы мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болатын жағдайлар мен құқықтық салдары жеңілірек болып, бұзушылықты түзетуге мүмкіндік беретін жағдайлар нақты ажыратылуы тиіс. Өйткені бұзушылықтың сипатын, тараптардың әрекетін және оның нақты салдарын ескермей, мәмілені формалды түрде жарамсыз деп тану қалыптасқан мүліктік қатынастардың негізсіз бұзылуына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты жаңа Азаматтық кодексте мөлшерлестік, адалдық және азаматтық айналымға қатысушылардың заңды мүдделерін қорғау қағидаттары жүйелі түрде ескерілуі қажет.
«Жаңа Кодексті әзірлеу кезінде мөлшерлестік, адалдық және азаматтық айналымға қатысушылардың заңды мүдделерін қорғау қағидаттарының бірізді қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдары алдын ала болжамды болуға, ал алынған мүлікті қайтару және келтірілген зиянды өтеу тетіктері нақты құқықтық қатынастың мән-жайларын ескеруге тиіс», - деді Дархан Төкеев.
Сондай-ақ, Дархан Төкеевтің пікірінше, мәмілелердің жарамсыздығы институтын нақты әрі жүйелі реттеу құқықтық айқындықты нығайтуға, азаматтық-құқықтық даулардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл азаматтар мен бизнес өкілдерінің өз құқықтарын қорғау тетіктеріне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.