Header Banner

Нұрдәулет Әбдіқадыров: Жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың жеке құқықтарын қорғауды күшейтуі тиіс

Бүгін, 13:07
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Нұрдәулет Әбдіқадыров: Жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың жеке құқықтарын қорғауды күшейтуі тиіс
Фото: facebook/Нұрдәулет Әбдіқадыров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы азаматтық заңнаманы заман талабына сай жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүліктік қатынастармен қатар, цифрлық кеңістікте азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарын қорғау мәселелері де ескерілуге тиіс. Бұл туралы ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Заңнаманың тиімділігі мәселелері жөніндегі талдамалық жұмыс бөлімінің ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Нұрдәулет Әбдіқадыров пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдаймын. Азаматтық заңнаманы жаңарту барысында мүліктік қатынастардың дамуымен қатар, цифрлық ортада азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарын бұзудың жаңа тәсілдерін де ескеру қажет деп санаймын.

Ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік бедел, өз бейнесіне құқық және жеке өмірге қол сұғылмаушылық — азаматтық заңнамамен қорғалатын материалдық емес игіліктер. Алайда қоғамдық қатынастардың цифрлануы аталған құқықтарды жүзеге асыру мен қорғау жағдайларын едәуір өзгертті. Интернетте жарияланған ақпарат қысқа уақыт ішінде кеңінен таралып, бірнеше рет көшіріліп, бастапқы жарияланым жойылғаннан кейін де сақталуы мүмкін.

Осыған байланысты шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату, адамның бейнесін оның келісімінсіз заңсыз пайдалану, дербес ақпаратты заңды негіздерсіз жариялау, сондай-ақ осындай контентті таратуға қатысатын тұлғалардың жауапкершілігін айқындау мәселелері ерекше өзекті болып отыр.

Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде цифрлық ортаның ерекшеліктерін ескере отырып, жеке мүліктік емес құқықтарды қорғаудың азаматтық-құқықтық тәсілдерін нақтылау қажет. Атап айтқанда, құқық бұзушылық фактісін анықтау, тиісті жауапкерді белгілеу, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығару және келтірілген моральдық зиянды өтеу мәселелері құқықтық тұрғыдан айқын реттелуге тиіс.

Сонымен қатар құқықтық шектеулердің мөлшерлестігіне ерекше назар аудару қажет. Ар-намыс, қадір-қасиет пен жеке өмірді қорғау сөз бостандығы және ақпарат тарату құқығы сақтала отырып жүзеге асырылуы керек. Сондықтан заңнамалық реттеу азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласуға да, беделді қорғау тетіктерін адал сын мен қоғамдық маңызы бар ақпаратты шектеу мақсатында пайдалануға да жол бермеуге тиіс.

Менің ойымша, жаңа Азаматтық кодекс материалдық емес игіліктерді қорғаудың заманауи әрі тиімді құқықтық тетіктерін көздеуі қажет. Олардың басты мақсаты құқық бұзушылық фактісін формалды түрде танумен шектелмей, бұзылған құқықты іс жүзінде қалпына келтіруді қамтамасыз ету болуға тиіс», - деді Нұрдәулет Әбдіқадыров.