Астанада Ұлттық мәдени игілік объектілерінің айрықша режимі жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыста еліміздің 29 музейі Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізуге ұсынған 1 382 аталымдағы 2 124 сақтау бірлігі қаралды.
Музей өкілдері жәдігерлердің тарихи-мәдени және ғылыми құндылығы, бірегейлігі мен тізілімге енгізілуіне негіз болатын деректер туралы баяндады. Комиссия мүшелері ұсынылған материалдарды зерделеп, сараптамалық пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
2019 жылдан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстанның 75 музейінен 27 298 аталымдағы 52 313 сақтау бірлігі мемлекеттік тізілімге енгізілді.
Ұлттық мәдени игілік объектілерін анықтау, зерделеу және есепке алу жұмысы оларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Еске сала кетейік, қазақстандық мамандар деректі мұраны сақтау жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты.