Header Banner

Туризм саласынан ел бюджетіне 303 млрд теңге салық түсті

Туризм саласынан ел бюджетіне 303 млрд теңге салық түсті
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, елімізде туристік саланың оң өсімі байқалады. Негізгі көрсеткіштер жақсарып, оның ұлттық экономикаға қосатын үлесі артып келеді.

«2026 жылдың І жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Қызмет көлемі 15%-ға артып, 173,7 млрд теңгені құрады. Бүгінде салада 565 мың адам еңбек етеді. Бұл – Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ы. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады», – деді Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар, тоғыз айда туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68%-ға жоғары.

Еске салсақ, The Global Chic Voyage басылымы Қазақстанның туристік әлеуеті туралы мақала жариялады. Онда Астана мен Бурабай, Алматы және Алматы тау кластері, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облысы секілді еліміздің туристік бағыттары кеңінен таныстырылған.