Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын түсіндіруге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Мамандар қаладағы бірқатар қоғамдық тамақтану нысанын аралап, кәсіпкерлермен және қызметкерлермен кездесті. Кездесу барысында өрттің алдын алу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, кәсіп иелеріне ас үй жабдығын, газ құрылғысы мен электр құралдарын қауіпсіз пайдалануды түсіндірді. Сондай-ақ электр желісіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, электр жабдығының жарамдылығын үнемі тексеру, газ құрылғысын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау қажеттігі ескертілді.
- Қоғамдық тамақтану орындарында арнайы іс-шара өтіп жатыр. Тексеру барысында мыңнан астам өрт қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтарға сәйкес әкімшілік айыппұл салынды. Айта кетер болсақ, жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарында отыз үшке жуық өрт оқиғасы орын алды, -деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев.

Мамандардың айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында өрт шығу қаупін арттыратын негізгі фактордың бірі – ас үй жабдығын дұрыс пайдаланбау, электр және газ құрылғысының ақауы, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарау. Сондықтан мұндай нысандарда өрттің алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Еске сала кетсек, құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде түтін байқалған жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді.