Астана қаласының Полиция департаментіне елорда тұрғыны қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан, жануарларды ұстауға мүмкіндік беретін байланыс зообағының қызметіне қатысты шағымданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаменттің баспасөз қызетіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері табиғатты қорғау жөніндегі «Tasbaqa» қорының өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізді. Тексеру барысында жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Зообақ иесі әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Сонымен қатар тексеру кезінде жойылып кету қаупі төнген түрлер қатарына жататын ортаазиялық құрлық тасбақасының ұсталғаны белгілі болды. Аталған дерек Сарыарқа ауданының полиция басқармасында тіркелді.
Тасбақа тәркіленіп, кейіннен оны күтіп-баптау, қалпына келтіру және одан әрі ұстау мақсатында мамандандырылған оңалту орталығына тапсырылды.
Бұдан бөлек, зообақты ұйымдастырушыға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.
Айта кетерлігі, елімізде ортаазиялық тасбақа — Testudo (Agrionemys) horsfieldii және оның дериваттарын пайдалануға 2040 жылға дейін тыйым салынған. Ортаазиялық тасбақа Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл тізіміне «осал» санаты бойынша енгізілген.
Еске сала кетсек, таяуда Қарағанды облысында браконьерлерден 2,5 тонна шаян тәркіленді.