Header Banner

Түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық саласында жүргізілетін болды – Президент

Бүгін, 13:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық саласында жүргізілетін болды – Президент
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы III Стратегиялық серіктестер форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Енді алдымызда тұрған мақсат – шын мәнінде айбынды.

Біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, адал еңбек пен айрықша жауапкершілік қасиеттерін жоғары бағалайтын Әділетті Қазақстанды құруға кірістік.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысын қолға алдық, соның арқасында азаматтарымыздың бойында жаңа этика мен мүлде жаңа сипаттағы бітім-болмыс қалыптаса бастады.

Біз жасампаз әрі жаңашыл ұлт ретінде түбегейлі жаңғыру жолына бет бұрдық.

Реформаларымыздың ең басты бөлігі, бұл – Конституцияның қабылдануы. Азаматтарымыз жалпыұлттық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады.

Қазақстанның жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Конституцияда еліміздің мақсат-мұраты мен болашақтағы бейнесі айқын көрініс тапты.

Қазақстанның Егемендігі мен Тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің қастерлі құндылығы деп танылды.

Қоғамда Заң мен Тәртіпті орнықтыру, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру бұлжымас қағидат ретінде бекітілді.

Адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық міндет деп белгіленді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Қазақстан түбегейлі реформалар нәтижесінде жаңа тарихи өсу мен өрлеу дәуіріне қадам басқанын атап өтті.

«Конституция ауқымды өзгерістердің жаңа, шешуші кезеңіне жол ашты. Елімізде мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңғырды.

Қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келіп, қазіргі таңда заң жобаларымен айналысуда.

Жаңа мекеме – Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.

Түбегейлі өзгерістер қоғамның барлық саласында жүргізілетін болды. Азаматтарымыз қазірдің өзінде реформалардың оң ықпалына, игілігіне көз жеткізді.

Қазақстан реформаларының ерекшелігі, бұл – алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес ішкі «темірдей» логиканың болуы, яғни, нақты тәртіп пен сабақтастықтың сақталуы.

Себебі ауқымды өзгерістер мен үстірт көзқарас ешқашан бірге жүрмейді, бір-біріне кедергі болады. Бұл – заңды нәрсе.

Осылайша, түбегейлі реформалар жүргізу арқылы Қазақстан жаңа тарихи өсу, өрлеу дәуіріне қадам басты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.